«Ақыл-ойды оқитын дулыға» адам анайы контентті көргенде дабыл қағады
|
Қытайда порно контентті көру қылмыс санатына жатқызылған. Осыған байланысты мұндай қылмысқа барғандарды анықтау үшін технологияның қитұрқы жетістіктері пайдаланылуда. Тіпті, бұл тарапта иинтернеттегі ашық-шашық бейнелерді табатын жасанды зерде көмегіне де жүгінеді. Бұл жайында islam.kz порталы South China Morning Post ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бейжің қаласындағы Шиаутун университетінің ғалымдары биліктің порноконтентке цензура орнату саясатын жүзеге асыруына көмектесетін «ақыл-ойды оқитын» құрылғыны әзірлеп, сынақтан өткізіп көрді. Яғни, электр инженерлер тобы цензорлар мен жасанды зерде жұмысын біріктіріп, «ұятсыз» сурет пайда болған кезде дабыл қағатын құрылғының прототипін жасаған. Инженерлер атап өткендей, адам көзі мен миының кескінді танудағы өнімділігі AI негізіндегі алгоритмдерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Әсіресе, кескіндерде күрделі фон болған кезде адам миының қабілетіне жасанды зерде әлеуеті жете алмайды. Ғалымдар өз зерттеулерінде жалаңаш сурет, тіпті, басқа суреттер ағыны арасында жарты секунд, яғни, қас қағым мезетте көрсетілсе де, бақылаушыны (тамашалаушыны) елітетінін анықтады. Мамандар әзірлеген дулыға осындай мазмұннан туындауы мүмкін кез келген ми толқындарын қабылдай алатыны айтылады. Қытайда интернет пен әлеуметтік медиа платформаларын сканерлеу үшін бірнеше хаттамаларды іске қосты. Мақсат - әдепсіз мазмұнды табу және жою. Мысалы, билік мазмұнды белгілеу үшін жасанды зердені кеңінен пайдаланды, сонымен қатар, кәсіби цензорларды жалдады.