Әлемдегі туристік танымал бағыт шариғатқа негізделген сервис орталығына айналмақ
|
Алыс-жақын шетелге тек жауһар жағажайларымен, сәулеті мен сәні бөлек пұтханаларымен ғана емес, сонымен қатар, азғындыққа бастайтын жат әдеттерімен (бұл арада бір жыныстыларға қызмет көрсететін түрлі сауық-сайран орталықтары турасында сөз болып отыр – ред.) танылған оңтүстік-шығыс Азия аймағындағы ел – Тай елінің билігі мұсылман туристерді көптеп тарту мақсатында маңызды қадам жасады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Vietnam Plus ақпарат көзіне жөн сілтеген IslamNews сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Таиланд үкіметі елді халал туризмінің аймақтық хабына айналдыру стратегиясын әзірлеуде, деп хабарлады министрлер кабинетінің ресми өкілі Шай Башаронке. Премьер-министр Среттха Табисин туризммен байланысты барлық агенттіктерге елді мұсылман саяхатшыларға қолайлы туристік бағыт ретінде насихаттауға пәрмен бергенін хабарлады. Осы орайда биыл Таиландтың Crescent Rating және Mastercard рейтингтері бойынша жаһандық мұсылман туризмі индексінде Ислам ынтымақтастығы ұйымына кірмейтін елдер арасында 5-ші орынға табан тірегенін айта кетпекпіз. Аталмыш рейтинг мұсылман саяхатшыларға арналған қолайлы қызмет түрлеріне, соның ішінде халал тағам нұсқаларына, туристік орта мен ғибадат ғимараттарына қол жеткізу мүмкіндіктеріне негізделген. Халал туризм индустриясы қарқынды дамып келеді, биыл кемінде 168 миллион мұсылман өз елдерінен тыс сапарға шығады, бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 15% жоғары. Таиланд жат мәдениетті жатырқаматын ел мен халал мейрамханаларының көптігімен мұсылман саяхатшылары үшін тартымды. Мұндай жетістікке 2024-2028 жылдарға арналған халал индустриясының жол картасын қабылдағаны, соның ішінде Тайланд халал индустриясы орталығын құрғаны ықпал еткен. Болашақта Тайланд үкіметі халал индустриясы бойынша ұлттық комитет құруды көздеп отыр.