Әлемдегі орман қоры
Әлемдегі орман қоры
21 күн бұрын 935 24.kz kaz.inform.kz

Жалпы жер беті әзірге ағаштан кенде емес,, деп хабарлады 24.kz 

Дүниенің 34 пайызын орман алқаптары алып жатыр. Дүниежүзілік банктың дерегі бойынша жасыл желек аумағы 4 млрд гектардан асады. Адам басына шаққанда 0,52 гектардан келеді.

1990 жылдан бері әлемде 178 млн гектар аумақтың талы кесілді. Ағаштың 34 пайызы жайылым ЖЕР мен егін егу үшін оталған.

"Жалпы ормандардың жойылуына өрт пен құрғақшылық және ағаш өндірісі себеп", - дейді сарапшылар.

Орман, табиғат тепе-теңдігін сақтау үшін қажет. Алайда адамның әрекетінен және табиғи апаттар кесірінен ағаш алқаптары жылдан жылға жойылып барады. 

Әлемде ағашқа сұраныс артады: орманды қалай қорғаймыз?

Әлемде ағашқа сұраныс артады. Алдағы 25 жылда 32% өседі. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы осылай деп топшылайды. Әсіресе, Азия және Тынық мұхиты аймағы елдерінде тапшы болмақ. Демек, жаһандық жылу үдерісін тежеу үшін ағаш кесуді тоқтатамыз деп жүрген адам баласының даурығуы бос сөз бе?

Қазір Бразилияда СOP30 климат саммиті өтіп жатыр. Онда «Тропикалық ормандарды мәңгі сақтайық» қорын құру туралы мәселе көтерілді. Бірақ, ағашқа сұраныс артып жатқанда орман атаулыны қаншалықты қорғай аламыз? Сарапшылар не дейді?  Бразилия бұл қорға 125 млрд доллар тартуды жоспарлап отыр. Әзірге оған қаражат бөлуге ниет білдірген елдің қатары көп емес.

Ағашқа сұраныс артады

АҚШ мұндай бастамаларды, тіпті, алаяқтық деп санайды. Сондықтан Президент Трамп саммитте төбе көрсетпеді.

Былтыр әлемде шамамен 490 млрд доллардың ағашы мен қағазы саудаланған. Алдағы 25 жылда бұл нарық 32% ұлғаяды. Бұл БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегі. Мәліметке сүйенсек, 2050 жылға қарай 1 млрд 200 млн текше метр ағаш кесіледі. Бұған себеп көп, әрине. Мәселен, бұрын құрылыста темір мен бетон қолданылатын. Ал оның өндірісі ауаны ластайды. Сондықтан кейінгі жылдары экологиялық таза шикізат, яғни ағашқа көше бастады. Одан, тіпті, көпқабатты үй салу қарқын алды. Швеция мен Канадада 20 қабатты ағаш ғимараттар тұрғызылып жатыр. Себебі, берік әрі жылуды жақсы ұстайды. Сондықтан қос елде кесілген талдың 55%-і осы құрылыс саласына тиесілі. Сондай-ақ жаһан жұрты полиэтиленнен бас тарта бастады. Орнына қағаз пакеттер қолданысқа еніп жатыр. Жалпы қазір тұрмыста қолданылатын заттардың 4/1-і осы ағаштан жасалады.

Джейсон Росс, Wood Central орталығының сарапшысы: - 2050 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 9 млрд 700 млн болады деп топшылайды. Тиісінше ағашқа да сұраныс артады. 2025 – 2030 жылдары өндіріс 4-8% ұлғайса, 2025 – 2050 жылдары аралығында  6-32% өсуі мүмкін. Өсім 240 млн текше метрден 1 млрд 200 млн текше метрге дейін жетуі ықтимал.

Егер сандарды сөйлетсек, ағаш өндіруде алғашқы ондыққа Канада, Бразилия, Швеция, Финляндия, Чили, АҚШ, Жаңа Зеландия, Индонезия және Ресей кіреді. Алайда, солтүстіктегі көршіміз үшін қазір Батысқа шығу қиындады. Фанера, тақтай, целлюлоза, бірінен соң бірі санкциялық тізімге енгізілді. Яғни, Мәскеу үшін Еуропа нарығы жабылды. 2021 жылы Ресей қарт құрлыққа 3,8 млн доллардың өнімін жөнелткен. Қазір Ресей ағашын Азияға, яғни Қытай мен Үндістанға және ТМД елдеріне экспорттайды. Жалпы әлемдік ағаш тұтыну үлесінің ең көбі Азия елдеріне тиесілі. Оның 3/1-не Бейжің ие. Сондай-ақ, Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Индонезия және Малайзияда сұраныс артып келеді. БҰҰ болжамы бойынша келешекте ағаш нарығының негізгі тұтынушылары осы елдер болады.    

Орманның жойылуына банктер себепші

Осыдан тура 10 жыл бұрын әлемнің 200 елі жаһандық жылынуды тежеуге келісті. Оған сай адамзат жасыл желектің жойылуын тоқтатуға міндетті. Алайда әзірге нәтиже шамалы. Өйткені әлемнің қаржы институттары Париж келісімін орындамайды. Банктер мен инвестициялық қорлар ормандардың жойылуына әкелетін өндірістерді қаржыландыруды азайтпай тұр әзірге. Блумберг басылымының дерегі бойынша 10 жылда бұл сома 425 млрд долларға жетті. Соның 72 млрд доллары мал шаруашылығына бағытталған. Ал ағаштың 34%-і осы жайылым жер мен егін егу үшін оталады. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, жер бетінде әр минут сайын 18 футбол алаңына тең ағаш алқаптары жойылады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ-ның Бас хатшысы: - Ормандарды қорғау бұл қайырымдылық емес. Бұл заңды және моральдық міндет. Біз өмірдің осы құндылықтарына сүйене отырып, Жердің өркендеуін қамтамасыз етуіміз керек. Ормандар жауын-шашын мөлшерін реттейді, бізді су тасқыны, құрғақшылық және аптап ыстықтан сақтайды. Егер табиғатты қорғағымыз келсе, біз 2030 жылға дейін ормандарды кесуді тоқтатуымыз керек.

Ал ағашқа қатысты әлемдік нарық келер жылы қалай өзгеруі мүмкін? Бұған қатысты сарапшылардың пікірі сан алуан. Бірі өсім болмашы, яғни, 3% болады десе, енді бірі 15%-ке дейін қымбаттауы мүмкін, деп топшылайды. Демек, нарық өзгермелі болады. Бірақ, стратегияларды тиімді пайдаланған елдер үшін мүмкіндік де көп.  

Климаттың өзгеруіне байланысты дүниежүзіндегі ормандарға үлкен қауіп төніп тұр

KAZINFORM — БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының сарапшылары климаттың өзгеруіне байланысты әлемдегі барлық орманға қауіп төніп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Анадолы. 

Бұл қиын жағдай температураның көтерілуінен, ылғалдың төмендеуінен және зиянкестердің жаппай зақымдануынан туындаған орман өрттері мен құрғақшылықтың көбеюіне байланысты туындады.

БҰҰ ЕЭК жауапкершілігі аймағындағы елдер — Еуропада, Солтүстік Америкада, Кавказда және Орталық Азияда — 1,76 миллиард гектардан астам ормандар бар, бұл дүние жүзіндегі орман ресурстарының 40%-дан астамы.

Аймақтың жалпы орман алқаптары 60 миллион гектарға ұлғайғанымен (ең үлкен өсім Еуропа мен Орталық Азияда тіркелді), керісінше жаһандық деңгейде жыл сайын шамамен 10,9 миллион гектар орман жойылады.

БҰҰ ЕЭК өкілі Паола Деданың айтуынша, 2021 жылы өрт 12,6 миллион гектар орманды жойды. Бұл Грецияның көлеміне тең. Тағы 73 миллион гектар орман, шамамен Испания мен Португалияны біріктіретін аумақтай жер жәндіктер, зиянкестер және түрлі аурудан зардап шекті.

— Егер бұл тенденциялар жалғаса берсе, қазіргі уақытта қуатты көміртекті тұтқыш ретінде әрекет ететін ормандар жаһандық климаттық мақсаттарға қол жеткізуге қауіп төндіретін шығарындылар көзіне айналу қаупі бар, — деп ескертті Паола Деда.

БҰҰ ЕЭК мүше мемлекеттерінің қолдауымен ормандарды қорғау бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде Орталық Еуропадағы бұрын экожүйеге елеулі зиян келтірген қышқыл жаңбырмен күресу шарасы бар.

1990 жылдан бастап биоалуантүрлілікті сақтауға және топырақ пен су ресурстарын қорғауға бөлінген аумақ екі есеге ұлғайды. Қазіргі уақытта 300 миллион гектардан астам орман заңмен қорғалған, бұл бүкіл Италия елімен салыстыруға болатын аумақ.

Дегенмен, БҰҰ ЕЭК климаттың өзгеруінің әсері ормандардың деградациясын жеделдетіп, ондаған жылдар бойы қоршаған ортаға қол жеткізген табыстарды кері қайтару қаупін төндіретінін атап өтті.

БҰҰ ЕЭК бореалдық ормандарға ерекше назар аударады. Арктиканы қоршап тұрған ормандар жердегі көміртегі қорының шамамен 32%. Оларға мәңгілік мұздың еруі және температураның көтерілуі кері әсер етеді. Оларды қорғау келісілген халықаралық саясатты қажет етеді.

Бразилияның Белем қаласында өткен COP30 климаттық саммиті қарсаңында БҰҰ ЕЭК әлемдік көшбасшыларды ормандарды қорғау шараларын, соның ішінде өрттің алдын алу, зиянкестермен күресу және кең ауқымды ормандарды қалпына келтіру шараларын күшейтуге шақырды.

Ұйымның мәліметінше, 1990 жылдан бері орман көміртегі қоры 11% өсті. »

— Әлемдегі ең үлкен орман елі Бразилия емес, Ресей. Климаттық конференция оңтүстік жарты шарда өтетін болса да, планетаның климатын тұрақтандыруда шешуші рөл атқаратын солтүстік аймақтардың ормандары, — деді Паола Деда. 

БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан соңғы 30 жылдықтағы жетістіктерге климаттық дағдарыс әсер етіп тұрғанын айтты.

— Соңғы үш онжылдықтағы барлық жетістіктерге қазір климаттық дағдарыс салдарынан үлкен қауіп төніп тұр. Біз планетаның ең қуатты табиғи қорғаныс механизмін жоғалтуға жол бере алмаймыз, — деді ол.

Оның айтуынша, дүниежүзіндегі ормандар жаппай зақымдануы мүмкін. Ол кезде оларды қалпына келтіру мүмкін болмай қалады. 

— Халықаралық қоғамдастық, әсіресе Белемге жиналған көшбасшылар, орманды сақтау енді тек экологиялық мәселе емес, бұл жаһандық көміртегі қауіпсіздігінің негізі екенін мойындауы керек, — деп атап өтті БҰҰ ЕЭК басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Бразилия жаһандық орман қорына инвестиция салатын алғашқы ел болатыны туралы жаздық. 

Динара Маханова

Түркияда 88 жылда 2 млн гектар жер жанып кетті

Орман өртінен зиян шегіп отырған елдердің бірі – Түркия. Кейінде бұл ел спутниктік бақылау жүйелері мен жасанды интеллект арқылы өрттің алдын алу шараларын күшейтті. Биыл соның арқасында 1 мың 200-ден астам өрттің алдын алған. Бірақ, оттан құтылған жоқ.

Әсия Нұрлыбаева, тілші: - Түркияда орман өрті 1937 жылдан бері ресми түрде есепке алынады. Өйткені, сол жылы алғаш рет орман және ауыл шаруашылығы басқармасы құрылған. Содан бері 126 мыңнан астам өрт тіркеліп, 2 млн-ға жуық гектар орман алқабы жанып кеткен. Бұл 88 жылда жылына орта есеппен 21  мың гектар жердің отқа оранғанын көрсетеді.

Ал биыл жыл басынан 7 мыңға жуық орман өрті тіркеліп, 80 мың гектар жер жарамсыз қалған. Бұл – кейінгі 10 жылдағы ең жоғары екінші көрсеткіш. 2021 жылы 140 мыңға жуық орман алқабы жойылған еді. Түркияның Ауыл шаруашылығы және орман министрлігінің дерегі осындай. 

Олардың айтуынша, Измир, Маниса, Хатай, Бурса, Билечик және Анталия өңірлерінде табиғат апаты жиі тіркеледі.

Тілсіз жауға негізінен екі түрлі фактор себеп. Аптап ыстық, жауын-шашынның азаюы, желдің күшеюі сияқты табиғи себеп пен орман маңында от жағу, қоқыс тастау және электр желісіндегі ақаулар сияқты адами фактор өртке түрткі болып отыр.

Жергілікті Ауыл шаруашылығы және орман министрлігінің дерегіне сәйкес орман өртінің 88%-ы адам қолымен жасалады.

Табиғат апатының алдын алу үшін Түркия үкіметі кең ауқымды шаралар кешенін қабылдады.

Биыл тілсіз жауға қарсы әрекет етуге ондаған техника, мыңдаған маман жұмылдырылды. Сондай-ақ, апатты алдын ала анықтау үшін жасанды интеллект пен спутниктік бақылау жүйелері енгізілді. Мұнан бөлек, жауапты басқарма 2025–2030 жылдарға арналған “Өртке қарсы ұлттық стратегия” қабылдады. Жоба аясында тәуекел аймақтарын картаға түсіру, жаңа өрт сөндіру базасын құру және халықты ақпараттандыру бағдарламасы іске қосылды.

Апат айтып келмейді. Орман өрті Түркия үшін экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан үлкен сынаққа айналды. Мамандар: «Табиғатты қорғау мен өрттің алдын алу ісінде қоғамның жауапкершілігін арттыру қажет», - дейді.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков

Бразилия жаһандық орман қорына инвестиция салатын алғашқы ел болады

KAZINFORM — Бразилия — әлемдегі жойылып бара жатқан ормандарды қорғауға бағытталған «Мәңгілік тропикалық ормандар» атты көпжақты қаржыландыру тетігіне инвестиция салатынын жариялаған алғашқы ел болмақ, деп жазды AZƏRTAC.

AZƏRTAC агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап хабарлағандай, Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силва бұл бастаманы БҰҰ-да сейсенбі күні жариялауды жоспарлап отыр. Бұл қадам — жаһандық климаттық саясатты қаржыландыру мәселесінде көзқарастары әртүрлі дамыған және дамушы елдерден көбірек қаржылық үлес тартуға бағытталған.

Бразилия үкіметі бұл Қорды қараша айында Амазонкадағы Белем қаласында өтетін БҰҰ-ның климаттық саммиті — COP30 шеңберіндегі өзінің басты бастамасы ретінде қарастырып отыр.

Айта кетейік, Испанияда орман өртін сөндірушілерге ерте зейнетке шығу құқығы берілді.

Бразилия жаһандық орман қорына инвестиция салатын алғашқы ел болады

Фото: Азертадж

Бақытгүл Абайқызы

 

 

 

0 пікір
Мұрағат