Әлемдегі әрбір бесінші ұялы телефон қолдан жасалған – ЭЫҰД
Әлемдегі әрбір бесінші ұялы телефон қолдан жасалған – ЭЫҰД
8 жыл бұрын 4361 bag.kz

Әлемде сатылатын әрбір бесінші ұялы телефон мен бейнеойындарға арналған әрбір төртінші консоль (ойын приставкасы) қолдан жасалған. Мұндай деректі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы келтіріп отыр. 

ЭЫДҰ қолдан жасалған ақпараттық-коммуникациялық жабдықтар саудасы туралы баяндама жариялады. 2013 жылдағы кедендік мәлеміттер талданған баяндамада көрсетілгендей, әлемдік сауданың 6,5%-ы қолдан жасалған техникалардың үлесіне тиесілі екен. Басқа нарықтарда қолдан жасалған өнімдердің үлесі, 2016 жылғы мәліметтер бойынша, 2,5%-ға жуықтайды.

ЭЫДҰ қолдан жасалған коммуникациялық техника саудасының жалпы көлемін 143 млрд долларға бағалап отыр. Осындай тауарлардың үштен екісі сатып алушыға экспресс-жеткізу мен пошта арқылы жеткізіледі.

Ұялы телефондар мен ойын приставкаларынан бөлек, адаптерлер мен флеш-карталар, басқа да аксессуарлар қолдан жасалады. Басқару пульттері, ноутбуктер мен компьютерлер, планшеттерді де сатып алғанда абай болған жөн.

Басқа техникаға қарағанда смартфондарға сұраныс жоғары болғандықтан, бұл нарықта халықты алдап, оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер жыл санап көбейіп барады. Ал қолдан жасалған техника өнімнің сапасыздығынан бұрын, адамның денсаулығына қауіп төндіретіні анық. Мұндай техникадан қорғасын, кадмий секілді зиянды заттар табылып жатады. Аккумуляторлары мен қуаттандыру құрылғысының сапасыздығынан өздігінен тұтанып, тоқ соғуы әбден мүмкін. Сондықтан, ұялы телефон сатып аларда өте мұқият болған жөн, деп ескертеді ЭЫДҰ.

Аталған ұйымның баяндамасына сүйенсек, қолдан жасалған техникалардың басым бөлігі Қытайда шығады екен.

0 пікір
Мұрағат