Әлем елдерінде ерлер мен әйелдердің зейнет жасы қандай?
Әлем елдерінде ерлер мен әйелдердің зейнет жасы қандай?
4 жыл бұрын 2553 Сымбат Сатыбалдина

Соңғы кездері еліміздегі зейнетақы жүйесіне қазақстандықтар жиі назар аударатыны рас. Себебі, еліміздегі зейнетақы жүйесіне енгізілетін ережелерге байланысты жаңа өзгерістер жиі болып тұрады. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық және шетелдік зейнетақы жүйелерін салыстырып көрді. 

Ұлттық экономика министрлігі, Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 2 192 549 зейнеткер бар. Ал зейнетақының орташа мөлшері - 54 387 теңге болса, зейнетақының ең төменгі мөлшері - 33745 теңге. 

Қазақстандағы жағдай қандай?

Елімізде ерлер үшін биылғы зейнеткерлік жас - 63, әйелдер үшін - 58 жас 6 ай.

"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР Заңының 11 бабы бойынша, әйелдер үшін зейнет жасы 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріліп отырады.

Әйелдердің зейнеткерлік жасының кезең-кезеңмен көтерілуі:

- 2018 жылғы 1 қаңтардан - 58,5 жасқа толғанда;

- 2019 жылғы 1 қаңтардан - 59 жасқа толғанда;

- 2020 жылғы 1 қаңтардан - 59,5 жасқа толғанда;

- 2021 жылғы 1 қаңтардан - 60 жасқа толғанда;

- 2022 жылғы 1 қаңтардан - 60,5 жасқа толғанда;

- 2023 жылғы 1 қаңтардан - 61 жасқа толғанда;

- 2024 жылғы 1 қаңтардан - 61,5 жасқа толғанда;

- 2025 жылғы 1 қаңтардан - 62 жасқа толғанда;

- 2026 жылғы 1 қаңтардан - 62,5 жасқа толғанда;

- 2027 жылғы 1 қаңтардан - 63 жасқа толғанда.

Бүгінде елімізде базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.

2019 жылдың 1 қаңтарынан:

- базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері - 16 037 теңге;

- ең төменгі зейнетақы - 36 108 теңге;

- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі - 29 698 теңге.

Базалық зейнетақы - зейнет жасына жеткен азаматтарға мемлекет тарапынан төленетін міндетті әлеуметтік көмек. Ол еңбек өтілі мен ерікті зейнетақы қорына жасалған аударымдарға тәуелді емес. Бұл жүйеде зейнетақы арнайы зейнетақы жинақтау қорынан емес мемлекет бюджеті есебінен төленеді.  Міндетті зейнетақы жүйесінде жасына байланысты зейнетақыны тағайындау кезінде еңбек өтілі тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана есепке алынады. Себебі, осы күннен бастап барлық жұмыс істейтін адамдардың міндетті зейнетақы жарналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылуын көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу басталды.

Ерікті зейнетақы жүйесі - бұл салымшылардың өзінің бастамасы бойынша БЖЗҚ-на және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына өзі үшін немесе үшінші тұлғалар салатын ақша. Ерікті жүйе жарналарының салымшылары ерікті зейнетақы жарналарын өзінің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. Айта кетейік, қазақстандықтар "Зейнетақы калькуляторы" арқылы болашақта қандай зейнетақы алатынын есептей алады. 

Қытай зейнетақы жүйесі

Аспан асты елі экономикасы қарқынды дамыған мемлекет болғанымен, халыққа қаржылық қолдау төменгі деңгейде. Visasam сайтының мәліметінше, Қытай халқының кейбірі ғана зейнетке шығуға құқылы. Оған бұрын мемлекеттік органдарда және қалада орналасқан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істеген адамдар ғана жатады.  Яғни, ауыл және кішігірім қала тұрғындары қандай да болмасын төлемақы алуға құқығы жоқ.

Аспан асты елі үшін басты мәселе - урбанизация және ауылшаруашылығында жаңашылдық енгізу жұмыстары. Сол себепті, бұл елде таңдаулы зейнетақы тәсілі жұмыс істейді.  Қытайда зейнетақы мемлекеттік бюджет тарапынан беріледі. Ал жеке зейнетақы қорлары бұл елде жоқтың қасы. Алайда, төленетін зейнетақының аздығына қарамастан егде жастағы адамдарға күнделікті өмір сүруіне едәуір көмектесетін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Зейнеткерлер коммунал қызметтер мен қоғамдық көліктердегі төлемдерден босатылады, сондай-ақ, дүкендерде арнайы жеңілдіктер қарастырылған.  Қытай - дәстүрге берік ел болғандықтан, қарт адамдарға құрметпен қарауға тырысады. Елде зейнеттегі адамға балалары, немерелері не туыстары қарасады. Сондықтан елде жалғызсыраған қарт адам жоқ деуге келеді. 

Вьетнам және Үндістан 

Вьетнамдағы жергілікті заң жүйесі бойынша, зейнетақы төлемдері 50 мен 100 доллардың аралығында. Бүгінде елде жаппай қартаю дерегі тіркелген. Сондықтан билік өкілдері 2019 жылы зейнетақы жасын 10 жасқа ұлғайтпақшы. Вьетнамда ер адам 60 жаста, ал әйелдер 55 жасында зейнетке шыға алады.  Үндістандағы жағдайға да көңіл қоншымайды. Бұл елде мемлекеттік қызметкерлерден бөлек тұрғындарға зейнетақы мүлде қарастырылмаған деп айтуға болады. Үндістанда ерлер де, әйелдер де зейнетке 60 жасында шығады. Елдегі билік өкілдері жағдайды жақсарту үшін инвестор іздей бастаған. Олардың  ойынша, бұл елдегі тұрғындарға қажетті сомманы төлеуге мүмкіндік береді. 

Әлемде зейнетақы мүлде берілмейтін елдер де бар. Бұл тізімнің көшін бастап тұрған  - Танзания. Елдің зейнет жасындағы адамдарының 95 пайызы өздерін асырау үшін соңғы демі қалғанша жұмыс жасауға мәжбүр.

Ресей, Германия және АҚШ

Visasam сайтының мәліметінше, Ресейде ер адамдар 60 жасында, әйелдер 55 жасында зейнетке шығуға құқылы. Тек арнайы категориядағы адамдар зейнетке ерте шыға алады.

Олар:

- Мүгедек адамдар;

- Асыраушысынан айырылған;

- Жұмыс өтіліне қарай;

- Мемлекет алдындағы ерен еңбегі үшін.

Ресейде зейнетақының үш түрі бар. Олар: сақтандыру, әлеуметтік және жинақтаушы. 

2019 жылғы мәлімет бойынша Ресейдегі зейнетақының орташа мөлшері: Сақтандыру бойынша - 13 657 рубль (шамамен 83 717 теңге), мүгедек адамдарға - 13 349 рубль (шамамен 81 829 теңге), әлеуметтік зейнетақы - 8 803 рубль (шамамен 53 962 теңге) және соғыс ардагерлеріне - 30 мың рубль (шамамен 183 900 теңге). 

Германияда ер адам мен әйел адам үшін зейнет жасы бірдей, яғни - 67 жас. Орта есеппен неміс зейнеткерлері айына 1400 доллар (543 746 теңге) алады. Германия "Берлин қабырғасы" оқиғасынан кейін қайта қосылғанына қарамастан, елдің шығысы мен батысындағы зейнетақы мөлшерінде айырмашылық бар. Мәселен, Шығыс Германиядағы зейнетақының мөлшері - айына 1200  доллар (466 068 теңге).  Ал кепіл зейнетақысын алу үшін неміс азаматы бір қызмет орнында кемінде 5 жыл қызмет етуі керек. Айта кетейік, арнайы ережелерді дұрыс ұстанған шетелдіктерге де зейнетақы тағайындалуы мүмкін. 

Ал Америка құрама штаттарындағы ер адам зейнетке 67 жасында шығады. Әйелдер 65 жасында зейнетке шыға алады. Олар айына 1100-1200 доллар (427 229-466 068 теңге) алады.  Елдегі зейнетақы жүйесінің ерекшелігі - жергілікті компаниялардың бірінде 10 жыл жұмыс істеп қажетті сомманы жинастырып алуға болады. Сондықтан көптеген америкалық бір орында қызмет етіп-ақ 2-3 зейнетақы көлеміндегі қаржы жинап алады.  

Америкалықтар мемлекет қорына жалақысының 15 пайызын, оның ішінде жартысын қызметкер, жартысын жұмыс беруші төлеуі тиіс. АҚШ-та зейнет жасына жеткен адамның 30 пайызы қызметін жалғастырады екен. 

0 пікір
Мұрағат