Әлем елдері зорлық жасағандарды қалай жазалайды?
Әлем елдері зорлық жасағандарды қалай жазалайды?
5 жыл бұрын 3246 Камила Долаева

Биыл маусымның соңында Парламент депутаттары келтірген ақпаратқа сәйкес Қазақстанда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық статистикасы 2018 жылы 2015 жылмен салыстырғанда 90 пайызға, ал тұрмыстық зорлық-зомбылық саны 104 пайызға өскен. Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл мәселеге қатысты түрлі уәжді алға тартатын болған. Алайда, олардың көпшілігі біздің елдегі жазаның жеңілдігіне қатысты айтылады. Осыған байланысты қоғам белсенділері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған еді. Олардың айтуынша, зорлық-зомбылық мәселесін жазаны қатаңдатумен шешу мүмкін емес. Ол қылмыс санын азайтпайды, ал зорлық-зомбылық жағдайы өсе береді. Олар Президенттен балаларға арналған қауіпсіздік ережелерін ойластыруды сұраған. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі "Әлем елдерінде зорлық-зомбылық жасағандар қалай жазаланады?" деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Қытай

Кей елде зорлық-зомбылық ауыр қылмыстардың қатарына мүлде жатпайды, ал кейбіреуінде бұл тіпті өлім жазасына жеткізуі мүмкін. Өлім жазасы бойынша алда тұрған елдердің бірі - Қытай. Бұл туралы ешқандай ақпарат жарияланбайтын болғанымен, Amnesty International мәліметтері бойынша 2018 жылы онда бірнеше мың тұтқын өлтірілген. Ал зорлық-зомбылыққа келсек, елде бұл іс өте қатаң қаралады, қылмыскер бірден өлім жазасына кесіледі. Бірақ, сот медициналық кастрация жасау туралы шешім қабылдауы мүмкін. 

Бруней

Зорлық жасаған адамды жазалау ретінде оның өмірін қию - қазіргі таңда Еуропа елдерінің басым бөлігінде қолданылмайды. Мемлекеттер мұндайдан бірте-бірте бас тартып жатыр. Бірақ барлық жақта олай емес, мысалы 2019 жылдың 3 сәуірінде Бруней билігі некеден тыс немесе біржынысты секс және зорлық үшін өлім жазасын қарастыратын Заң қабылдады. Ол бойынша қылмысқа барған әрбір адам шариғат бойынша барлық мұсылмаанның алдында жазасын тартады, оларды тас лақтырып өлтіреді. Жазалау барысында мұсылмандар тобы куәгер ретінде болады, яғни, олар бақылаушының қызметін атқарады. Бруней - мұндай қылмыс үшін қатаң жаза қолданатын шариғат заңын, Ислам құқықтық жүйесін қабылдаған өз аймағындағы бірінші ел. Қазіргі таңда әлемнің 50-ден аса елі өлім жазасын қолданады. Олардың ішінде Иран, Сауд Арабиясы, Ирак, Пәкістан, Сомали, АҚШ, Мысыр, Иордания, Кувейт, Бангладеш, Ауғанстан, КХДР, Малайзия, Жапония, Оңтүстік Судан, Бахрейн, Сингапур, Белоруссия, Йемен, БАӘ және Сирия бар. 

Франция

Махаббат пен романтика астанасы саналатын Францияда да жаза қатаң. Сексуалды алымсақтыққа, яғни қырындауға, жақындасуға сөзбен немесе денемен емеурін танытуға 2 жыл түрме және 30 000 еуро айыппұл салынады. Зорлауға әрекет жасаса, 5 жыл түрмеде отырасың және 75 000 еуро айыппұл төленуі керек. Ал зорлық-зомбылық жасалса, 15 жыл қамауда отырасың, ал қылмыс ауырлатылған жағдайларда жасалса, онда мерзім 20 жылға дейін артады. Кейде өмір бойына қамалуы мүмкін. 

Германия

2016 жылдың шілдесінде Германия ҚК 177-бабында "жоқ дегеніміз - жоқ" деген қағида бекітілді. Оған 601 депутат дауыс беріп, бірауыздан шешім қабылданған болатын. Ол бойынша, жыныстық қатынастан бас тартатынын нақты айтқан адамның сөзі еленбеген жағдайда кінәлі адам 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.  Құқықтық ереже қолданыста бар заңдарды тек қатаңдатты. Ол "зорлау" терминінің заңды анықтамасын кеңейтеді. Бұрын зорлық жасаған қылмыскерді соттау үшін жәбірленушінің қарсыласқанын дәлелдеу керек болған. Ал қазір әйелдің "жоқ" деген сөзі немесе қарсы екенін білдіргені жеткілікті. Сонымен қатар, мұнда топтық зорлық үшін жаза қатаң. Германияда адам қызға жақындамай, жай қарап тұрса да жазаға тартылады.  

Ұлыбритания

2004 жылдан бастап заңда зорлау ұғымы едәуір кеңейтілді. Қазір мұндай қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ұлыбританияда Германиямен салыстырғанда зорлауға әрекет жасағандарға тағайындалатын жаза ауырлау, зорлықшы 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 

Иран

Құқықбұзушылар қатаң жазаланатын елдердің бірі - Иран. Ол бұрыннан өзінің жеңіл қылмысқа ауыр жаза қолданатын заңымен белгілі. Сондықтан бұл елде зорлық үшін өлім жазасы берілетіні таңғаларлық жай емес. Қылмыскер жұрттың көзінше асылады немесе атылады, я болмаса тас лақтырып о дүниеге кетеді. Ал өлім жазасынан аман қалғандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады немесе қамшымен 100 рет сабалады.   Иран Батыс бұқаралық ақпарат құралдарының назарын әлдеқашан аударған, ел билігі 18 жасқа дейінгі балаларды қылмысы үшін өлім жазасына кескеніне байланысты сынға ұшыраған. Себебі, ел бала құқығы жөнінде халықаралық шартқа қол қойған. Десе де Иран қылмысты "Ислам заңдарына келмейді" деп санағанда жаза қолдануға рұқсат сұрайтынын айтып іс-әрекетін ақтаған.

АҚШ 

Америкада қылмыс жағдайына байланысты үкім әртүрлі болуы мүмкін. Зорлық үшін барлық 50 штатта Қылмыстық кодекс бойынша жазаланады, бірақ әр штаттың заңы әртүрлі. Ал істі жергілікті емес, федералдық сот қарастырса, кінәлі 30 жылға темір торға қамалады.  Құрама штаттарда педофилиямен күресудің бірнеше деңгейлі жүйесі қарастырылған. Мұнда нақты берілетін мерзім қылмыстың сипаты, зардап шеккен адамның жасы, штат пен басқа да жағдайларға байланысты ерекшеленеді. Әдетте АҚШ-та кәмелетке толмаған балаларға жасалған зорлық үшін 10 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданады. Алайда, балаларға қатысты кей сорақы қылмыстар өлім жазасына дейін жеткізеді. 

Үндістан

Бұл мемлекет әйелдер үшін ең қауіпті елдердің бірі ретінде белгілі. Әсіресе ірі қалаларда зорлау "әдеттегі жағдай" болып саналған. Десе де 2012 жылы студентті бір топ адам зорлап, нәтижесінде қыз қайтыс болғаннан кейін Үндістан бүкіл әлем мен жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды. Осылайша қылмыскерлер өлім жазасына кесілген еді. Сол сәттен кейін елдің Қылмыстық кодексіне елеулі өзгерістер енгізілді. Енді зорлық үшін кем дегенде 7 жыл түрме қарастырылған. Ал қайталанған жағдайда өмір бойына темір торға қамалады немесе өлім жазасына кесіледі. 2017 жылдың қазанында Жоғарғы сот ер адамның кәмелеттік жасқа толмаған әйелімен жыныстық қатынасын зорлаумен тең деп бекітті.

Жапония

Күншығыс елінде жыныстық зорлық-зомбылық 1907 жылдан бастап қудаланады. 2017 жылдың 31 шілдеде ҚК-тің бұл бөлігі айтарлықтай қатаңдатылды. Енді зорлау үшін бас бостандығынан айыру мерзімі жағдайға байланысты 5 жылдан 30 жылға дейін созылады.

Қазақстан

Ал елімізде зорлау ісі Қылмыстық кодекстің 120-123 баптары аралығында қарастырылады.  Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау - 3-5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы қымысқа барса немесе қайталанған зорлық әрекеті болса - 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған. Сонымен қатар, жәбірленуші абайсызда қайтыс болып немесе денсаулығына ауыр зақым келсе - қылмыскер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға айырыла отырып немесе онсыз, 10 жылдан 15 жылға дейін қамалады.  Зорлық әрекеті жас балаға қатысты жасалса, қылмыскерді белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 17 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

0 пікір
Мұрағат