Адамзат үшін ең құнды қазба көп ұзамай таусылуы мүмкін
Адамзат үшін ең құнды қазба көп ұзамай таусылуы мүмкін
2 ай бұрын 707 inbusiness.kz Хақназар Жалғас

Сәуірдің алғашқы онкүндігінде Ядролық энергия жөніндегі агенттік пен Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік "Қызыл кітап" баяндамасын жариялады. Бір назар аудартар тұс, баяндамада "2080 жылға қарай қазір анықталған уран қорлары сарқылады" деген болжам бар. Адамзат мұнай дәуірінің аяқталатыны жөнінде жиі болжамдар айтады, ал уранның осынша тез таусылуы мүмкін бе?  

Financial Times мәліметінше, қазір әлемде ядролық энергетикаға қызығушылық 1970 жылдардағы мұнай дағдарысы кезеңіндегідей өте жоғары. 2020 жылдан бері ядролық энергетикаға салынған жыл сайынғы инвестиция шамамен 50 пайызға артқан. Ал 2050 жылға қарай ядролық қуат 130%-ға күшейеді. Осы қарқын сақталар болса, 2080 жылға қарай әлемде қазіргі белгілі уран қорларының бәрі сарқылады.

АҚШ, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея ядролық энергетикасын 2050 жылға қарай едәуір арттыруды көздеп отыр. Бұған қоса, Microsoft, Amazon секілді алпауыт компаниялар да ядролық энергетикаға инвестиция құйып жатыр. Олар озық технологияға, қуатты мәлімет қоры орталықтарына, жасанды интеллект жүйелеріне баса назар аударған.

Сала өкілдері батыстың энергетика компаниялары сұраныс артуына байланысты уран тапшылығы туындай ма деп қауіптенеді. Бұл тұста уран бойынша әлемдік нарықтың 43 пайызын Қазақстан алып отырғанын айта кетейік. 

2022 жылы Қазақстан өндірген уран көлемі Канада, Намибия, Австралия және Өзбекстан секілді төрт ел өндірген өнімнен де асып түсті. МАГАТЭ есебінде 2023 жылы әлемде шамамен 8 млн тонна уран қоры анықталғаны жазылған. Дегенмен әлі де анықталмаған қорлар болуы мүмкін, кей елдер толық ашпай отырса да таңғалмаймыз.

Алайда Қазақстан өндірісті арттырып жатыр, 2024 жылы уран өндірісін тағы 10% өсірген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 21 112 тонна болса, 2024 жылы елімізде 23 270 тонна уран өндірілді. Алайда былтыр сатылған уран көлемі 8%-ға азайып, 16,6 мың тоннаны құрапты. Осылайша, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының 2024 жылғы таза пайдасы екі есе өсіп, 1,13 трлн теңгеге жетті.

Осы тұста Қазақстандағы уран қорларына қандай компаниялар иелік етіп жатқанын айта кетсек. Елде 567 мың тонна уран қоры болса, оның 53 пайызы (301 мың тонна) "Қазатомөнеркәсіпке" тиесілі. Ал 25 пайызына (141 мың тонна) ресейлік "Росатом" иелік етіп отыр. Қалғанын канадалық, қытайлық, франциялық және жапониялық компаниялар иемденген.

Дегенмен компаниялардың анықталған қордан бөлек, потенциалды ресурстары бар. Бұл жағынан да "Қазатомөнеркәсіп" көш бастап тұр, 509 мың тонна ресурсы бар. "Росатомның" мүмкіндігі 193 мың тоннаға бағаланған екен. Жоғарыда аталған 4 елдің компаниясының ресурсы біріккенде 148 мың тонна болады.

Әлем нарығында қазір ең үлкен тұтынушы Америка, байытылған уранның 60 пайызын алып отыр. Бұдан кейін Қытай, Ресей, Франция. Соңғысы өткен ғасырдан бері энергияны ураннан алу тәжірибесін толыққанды енгізуге таяу. Мысалы, Франция шамамен электр энергиясының 80 пайызын ураннан алып отыр.

Жер бетінде кез келген ресурс шектеулі екені анық. Мұнай, су, газ, сол секілді уран да шектеулі. Сондықтан адамзат баламалы энергия көзі аталатын жел және күн көздерін таусылмайтын ресурс ретінде қарастырады. Жоғарыда МАГАТЭ болжамы қазір қолда бар уран қорына ғана қатысты екенін жеткіздік.

Энергетика саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің пайымдауынша, 2080 жылға дейін көптеген уран қорлары анықталуы мүмкін, потенциалды кен орындары бар. Яғни, алдағы уақытта бұл болжамды кезең созыла беруі мүмкін.

– Өткен ғасырда өмір сүрген америкалық геофизик Мэрион Кинг Хабберт "1978 жылы мұнай таусылады" деп айтқан. Қараңыз, одан бері жарты ғасыр өтті, Солтүстік теңізде мұнай табылды, тақтатас мұнайы шықты. Мұнда актуальды бір дүние – пик, яғни, кез келген нәрсе шегіне жеткенде қайта құлдырайды деп айтып жатамыз. Бірақ осыны ұстап тұрған – жаңа технология. Инновацияның келуі, жаңа тәсілдердің ойлап табылуы қорларды толтырды. Қазір мұнай шегіне 2040 жылы жетеді деген болжамдар бар. Кезінде "мұнай шегіне 2019-2020 жылы жетеді" деген сарапшылар болжамын кері қайтарып алып жатыр, – дейді маман.

Сарапшының сөзінше, қорлардың толығып отыруына бір жағынан бағаның әсері бар. Мұнай кей кезде ауытқығанымен, негізгі бағасын ұстап тұр. 2000 жылдары уран бағасы құлдыраған, қазір ол да қайта көтерілуде. Сондықтан бұл кезеңдер, болжамдар бәрі аумалы цикл екенін ескерген жөн.

1945 жылы уран қоры бойынша көшбасшы Америка болса, қазір Аустралия. 2-орында Қазақстан, дегенмен нарықта 1-орынды алып тұр.

– Қазір қорлардың азайып жатқаны шынымен байқалады. Осыдан 10 жыл бұрын "Қазатомөнеркәсіп" бір қателік жіберді: уранды нарыққа көп шығарамын деп бағасын түсіріп алды. Жасанды интеллект, ақпаратпен жұмыс істеу үшін алпауыт компанияларға сөзсіз энергия керек. Сондықтан эксперимент ретінде модульдік реакторлар сыналып жатыр. Бірақ барлығы келешектің жобалары. Энергия болмаса түгел адамзаттың дамуы тоқтап қалады. Адамзат үшін уран мұнайдан да маңызды. Неге? Мұнай тікелей энергия өндіруге бағытталмайды, көбіне жанармайға айналады. Ол жоқ болса орнын газ баса алады. Ал уран энергия көзі болғандықтан, адамзат келешегі оған мұқтаж, – деп түсіндірді Абзал Нарымбетов.

Ашық дереккөздерде уранның 1 фунты (0,45 келі) 2024 жылдың соңына қарай 80,5 долларға сатылып келгені жазылған.

Қорыта айтқанда, МАГАТЭ болжамына үреймен қарауға негіз жоқ, уран қорлары әлемнің көп елінде әлі де табылуы мүмкін. Шамасы, кей өндірушілер бағаның өскенін күтіп шектеу енгізіп отырған секілді.

Уран өндірісінен Қазақстанды басып озатын ел табылды

Қытай әлемдегі ең алпауыт уран өндірушіге айналуы мүмкін.

Шығыстағы көрші мұхиттан уран өндіріп бастауды мақсат етуде.

Өткен айда оқырманға Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің "Қызыл кітап" баяндамасында жарияланған болжамға қатысты сараптама ұсынған едік.

Нақтырақ айтсақ, МАГАТЭ сарапшылары жер бетінде бұған дейін анықталған уран қорлары 2080 жылға қарай сарқылатынын ескерткен. Ал қазір әлемдегі барлық қор 8 млн тоннаны құрайды. Аустралиядан кейінгі 2-орында тұрған Қазақстанға 900 мың тоннасы тиесілі.

Осы тұста біз бір нәрсені ескерген едік. Жаһанда мұнай дәуірінің аяқталуы, "қара алтынның" жуырда таусылатыны жөнінде жорамалдар көп. Дегенмен мұнай әлі күнге дейін шегіне жеткен жоқ, тіпті, алдағы 20-30 жылда азая қоюы екіталай.

Міне, уранға қатысты болжамдар да сол орындалмай қалған жорамалдарды еске салады. Мұнай дәуірінің созылып, таусылмай, қорлардың ұлғаюына ықпал еткен басты фактор – жаңа технология. Міне, сол технологиялар уран қорының да көбеюіне әсер ете бастапты.

Мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың айтуынша, уранды айтпағанда мұнай дәуірі алдағы 20-30 жылда аяқтала қоймайды.

Мәселе мынада: жаһандық мұнай нарығының көлемі 3 трлн доллардан асады. Мұнай компаниялары өздерінің капиталдық инвестицияларын өтемейінше, бұл нарықтың жойылғанын ешкім қаламайды.

– "Қара алтын" жай ғана шикізат емес, ол – осы өндіріске қызмет көрсететін тұтас салалардан құралады. Бұл қызмет түрлері өте ерекше, оларды басқа салаларда қолдану мүмкін емес. Мысалы, теңіз астындағы фонтанды арматуралар тек қана мұхиттағы мұнай кен орындарында бар. Осыған ұқсас мысалдар жетерлік. Менің ойымша, уранға қатысты болжамдар Ресей уранына қарсы салынған санкцияларды әлсіретуге бағытталған кезекті пиар науқан іспетті. Себебі, байытылған уранның көп бөлігін Ресей өндіреді. Ал олардың ураны болмаса, Батыстағы көптеген атом электр станциялары жұмысын тоқтатады, – дейді ол.

Дәл осы тұста сарапшы Қытайдың қазір мұхит суынан уран өндіруді бастағанын айтты. Себебі, мұхиттарда шамамен 4,5 млрд тонна уран бар, есептесек, мыңдаған жылдарға жетеді. Бірақ қытайлар алдымен өндірісті өнеркәсіптік деңгейге жеткізуі керек. Қазір тек сынақ ретінде іске асуда.

Егер сәтті жүзеге асыра алса, Қытай электр энергиясынан тапшылық көрмей, басқа елдерге экспорттау арқылы жер жүзіндегі ықпалын одан әрі арттырады.

– Ал баламалы энергия көздеріне келсек, басты мәселе – олардың өзіндік құны мен тұрақтылығы. Бұл екі көрсеткіш бойынша әлі де айтарлықтай мәселелер бар. Адамзаттың басым бөлігі кедейлер екенін ескерсек, мұндай энергетикаға сұраныс жоғары бола қоймайды, – деп қорытындылады Асқар Исмаилов.

Қорыта айтқанда, МАГАТЭ болжамына үреймен қарауға негіз жоқтай. Себебі, уран қорлары әлемнің көп елінде әлі де табылуы мүмкін.

Шамасы, кей өндірушілер бағаның өскенін күтіп, қорларды ашуға асықпай отыр делінетін болжам сенуге тұрарлықтай. Өйткені қазір әлемде уранның 1 фунты (шамамен 0,45 келі) 55 доллар тұрады. Бұл баға алдағы уақытта бірнеше өсуі мүмкін. Неге?

Қазір энергия адамзат үшін су және ауа секілді қажеттілік деңгейіне жуықтап барады. Себебі, тіршілік тек электр энергиясы арқылы жүруде.

Оның үстіне ақпараттық технология, жасанды интеллект, инновациялық жобалар дамыған сайын, электр энергиясы еселеп керек бола бастауда.

0 пікір
Мұрағат