Абай болыңыздар: Шетелден әкелінетін кептірілген құрмадан қауіпті ішек инфекциялары табылды
Абай болыңыздар: Шетелден әкелінетін кептірілген құрмадан қауіпті ішек инфекциялары табылды
6 жыл бұрын 3269

Абай болыңыздар, шетелден әкелінетін кептірілген құрмадан қауіпті ішек инфекциялары табылды. Одан бөлек, сауда орындарында жұмақ жемісінің бағасы да қымбаттаған. Оған не түрткі? Жалпы Рамазан айында жұрт аса көп тұтынатын құрмадан қауіптенетіндей себеп бар ма?  

Рамазан айы басталысымен құрма саудасы қыза түсетіні белгілі. Тіпті, бұған дейін 300-400 теңгеге саудаланған жұмақ жемістің құны әп-сәтте шарықтаған. Мәселен, шетелден келгені кемі 5000 теңгеден саудалануда, деп хабарлайды stan.kz  "Еуразия бірінші арнасына" сілтеме жасай отырып.

«Негізі сапасына қарайды. Бағалары әр түрлі. Мысалы, ең арзаны 100-150 теңге, ал шетелден келгендері 3500-5000 теңге», - дейді сатушы Нұрымбет Әшірбаев.

Қала тұрғындары да құрма бағасының шарықтап кеткенін растап отыр. Бұған дейін 400-500 теңгеге сатылған жидек қазір қымбаттаған. 

Одан бөлек, соңғы 4 айдың ішінде құрмадан ішек таяқшалары табылған. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау комитеті мәлімдеді. Мәселен, соңғы тексеру нәтижесінде сауда орындарынан алынған құрмалардың 4 пайызынан адам денсаулығына аса қауіпті микробтар анықталыпты. 

«Тексеріс нәтижелері бойынша 18 пайызы талаптарға сай болмай шықты. Сәйкес келмейтін өнімдердің басым бөлігі импорттық өнімдерге тиесілі. Талаптардың бұзушылықтары, кеден одағының заң бұзушылықтарының 85 пайызы анықталса, 4 пайызында қауіпсіздік көрсеткіштері, ішек таяқшаларын анықтаушылықтар болды», - дейді қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы Дана Қасқатаева.

Осылайша, мамандар құрманың сыртқы қорабын мұқият қарау керектігін айтады. Егер де оның шыққан күні, қолдану мерзімі жазылмаса, мұндай өнімнен бас тартқан дұрыс, дейді. Сонымен қатар, өзге елден импортталғандар көбіне санитарлық талаптарға сай келмейді екен. 

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жүргізген мониторинг нәтижесінде кінәлі тұлғаларға 27 миллион астам айыппұл салынған. Одан бөлек, сауда орындарынан талаптарға сәйкес келмейтін 4,5 мың тонна қауіпті тағам өнімдері, оның ішінде 9 келі құрма тәркіленген. 

0 пікір
Мұрағат