27 жастағы жігіт Қазақстанның жыл мұғалімі атанды
27 жастағы жігіт Қазақстанның жыл мұғалімі атанды
8 жыл бұрын 2657 inform.kz

Павлодарда химия пәнінен сабақ беретін Алмас Ордабаев республикалық “Үздік педагог 2016” байқауында жеңімпаз атанды. 

Қазақ-түрік лицейінде дәріс беретін Алмастың аты өңірге белгілі. Ол ұстаз ретінде үнемі облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегерлер қатарында келеді. Әрі оқушылары да республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде Алмасты жерге қаратқан емес. Төрт жыл ішінде ол тәрбиелеген оқушылар түрлі халықаралық жарыстардан 18 медаль иеленіпті.

Өскемендегі қазақ-түрік лицейін тәмамдаған Алмас, кейін білім жолын Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жалғастырған. Оқу орнын бітірген соң ғылыми зерттеумен айналысыпты. Алайда екі жылдан соң мектепте жұмыс істеу бағытын таңдайды.

“Мен ұстаздық қызметті де шығармашылық сала деп санаймын. Сабақ бере білу, оқыту – бұл ғылым. Менің химияға деген махаббатым 2003 жылдан басталған. Кей кезде уайымға салынып, көңіл-күйім түскенде химиялық есептер шығарып, жеңілдеп қаламын”, – дейді ол.

Заманауи мұғалімге тән қасиеттерді бойына сіңірген Алмас ағылшын тілін өте жақсы меңгерген. Шәкірттерін түрлі жарысқа дайындау кезінде қазақ, орыс тілдерін де қатар пайдаланады.

0 пікір
Мұрағат