2050 жылы әлем бойынша зейнетақы тапшылығы 400 трлн долларға жетеді
|
Әлемде өмір сүру ұзақтығының артуына және халықтардың қартаю процесінің күшеюіне байланысты 2050 жылға қарай зейнетақы қорындағы дефицит 427,8 триллион долларға жетпек. Бұл қазіргі уақыттағы әлемдік жалпы ішкі өнімнен бес есе көп көрсеткіш. Тиісті ақпарат мамыр айының 26-ы күні жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасында келтірілген. Аталмыш баяндамада зейнетақы жүйесінде қордаланған мәселелер кездесетін әлемнің алты елінің, атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Нидерланды, Канада және Австралияның әлеуметтік жағдайы зерделенген. Сондай-ақ, халқының саны көп Қытай мен Үндістанның да зейнетақы жүйесі қарастырылған. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ-тың зейнетақы тапшылығы 28-ден 137 трлн долларға дейін өседі, ал Қытайда 11-ден 119 трлн долларға дейін артпақ, Үндістанда бұл көрсеткіш: 3-тен 85 трлн долларға дейін. Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының кестесіне сәйкес зейнетақыға шыққан аданың табысы оның өмірдегі экономикалық белсенді кезіндегң табысының 70 пайызын құрауы керек. Бұл - талап. Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының бағалауына қарағанда, жасы 65-тен асқандардың саны 600 млн-нан 2,1 млрд-қа дейін көбеймек. Дәл қазіргі уақытта бір зейнеткерге сегіз еңбек ететін адамнан келеді екен. 2050 жылы бұл көрсеткіш төрт адамға кемиді. Сондай-ақ, аталған ұйым әлем бойынша зейнетақы жасын көтеруге тура келетінін алға тартып отыр.