2050 жылға қарай әлем халқының жартысы көзілдірік киеді
2050 жылға қарай әлем халқының жартысы көзілдірік киеді
1 ай бұрын 378 24.kz

2050 жылға қарай әлем халқының тең жартысы көзілдірік киеді, деп хабарлады 24.kz

Осындай болжам бар. Қазірдің өзінде 2 миллиардтан астам адамның көру қабілеті бұзылған. Әсіресе, балалар арасында көз аурулары көбейді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде әр минут сайын 1 бала жанарынан айырылады. Бұған не себеп?

Баланың көру қабілеті 7 жасқа дейін қалыптасады

Бала дүниеге келгеннен кейін айналысындағын анық көрмейді. Өйткені, бұл мидың даму үдерісімен тікелей байланысты.

Баланың көру қабілеті 7 жасқа дейін толық дамып бітеді. Яғни, мидағы нейрондық жүйе қалыптасып, соның арқасында ми көзді басқарып, көру мен ақпаратты қабылдауды үйренеді. Оқушылардың мектепке 7 жасында қабылданатыны да осыдан. Осы себепті, мектепке бармас бұрын бірінші сынып оқушысы алдымен дәрігердің бақылауынан өтуге тиіс. Бұл баланың оқуға еш кедергісіз зейін қоюы үшін маңызды. Яғни, сабақ кезінде тақтада жазылған сөздерді анық көріп, дұрыс оқуы маңызды. Өйткені, көп жағдайда балалар көзінің нашар көретінін байқамай, оны қалыпты жағдай деп білуі мүмкін. Сондықтан мұғалімнің өз оқушысының көру қабілетінің деңгейінен хабардар болуы маңызды. Өйткені, оқушылар партаға сол бойынша отырғызылады.

Марджин Калп, оптометрия ғылымының профессоры: - Балаларда жиі кездесетін көз ауруларының бірі - жалқау көз синдромы немесе амблиопия. Көп жағдайда бір көздің, кейде бірдей екі көздің көру қабілеті дұрыс дамымайды. Бұл әдетте түзетілмеген аномалиядан немесе екі көздің арасындағы рефракциялық айырмашылықтан туындайды. Соның салдарынан көру қабілеті толық қалыптаспайды.

Балалар арасында миопия белең алған 

Балалардың көбі алыстан көрмейді. Бұл миопия. Оның зардабын қазірде әлемдегі балалардың 36 пайызы, яғни әрбір үшінші жеткіншек тартып отыр.

Статистикаға сүйенсек, ең жоғары көрсеткіш Жапонияда. Мұнда балалардың 85 пайызы алыстағыны анық көрмейді. Бұл сандар Оңтүстік Кореяда 73 %, Ресейде 46 %.  Ал алдағы 5 жылда әлемде бұл көрсеткіш 40 пайызға өсіп, кәмелет жасына толмағандар арасында көзілдірік киетіндер саны 740 миллионға жетеді деген болжам бар. Мұны сарапшылар, балаларға түрлі гаджеттің қолжетімді болуымен және тұқым қуалайтын аурулармен байланыстырады. Ең сорақысы, көз ауруларын асқындырудың салдары су қараңғылыққа әкелуі мүмкін.

Баланың көру қабілетін ерте жаста анықтау маңызды

Медициналық тексерістен өту маңызды. Өйткені, бала оқу кезінде жолды жоғалтып алу, жақын және алыстағы нәрселерді анық көре алмау сынды түрлі қиындыққа тап болуы мүмкін. Ал бұл көру қабілетіне әсер ететін алғашқы белгілері. Америкалық оптометриялық қауымдастық мамандары балалардың көру қабілетін нәресте кезінде, мектепке дейінгі жаста, және мектеп жасында жыл сайын тексеруге кеңес береді. Өйткені, көз ауруының түрі көп. Соған сай, ем шаралары да әртүрлі жүргізіледі. 

Марджин Калп, оптометрия ғылымының профессоры: - Көз ауруларын ерте анықтау үшін ата-аналар мен мұғалімдер баланың әр қимылын бақылауда ұстап, оның шағымдарына бейжай қарамауы тиіс. Өйткені, оны дер кезінде анықтап, тиісті ем шараларын қабылдамаса салдары ауыр болуы мүмкін. Яғни, қос жанарынан айырылу қаупі жоғары.


 

0 пікір
Мұрағат