Зимбабведегі төңкеріске Қытайдың қандай қатысы бар? (The Guardian)
Зимбабведегі төңкеріске Қытайдың қандай қатысы бар? (The Guardian)
7 жыл бұрын 3523

Қытай - Африкадағы ең ірі инвестор. Басқа мемлекеттерге қарағанда ол Зимбабвеге көп қаржы құяды және осы елдегі саяси ықпалы да жоғары. Қытай Зимбабвенің тау-кен өндірісі саласына, ауыл шаруашылығына, энергетикаға, құрылыс саласына инвестиция салып келеді. Сонымен қатар аспан асты елі 2015 жылы Зимбабве экспортының 28 пайызын сатып алып, ең басты сауда серіктесіне айналды.

Сарапшылар Зимбабве әскерінің басшысы, генерал Константино Чивенгидің Бейжіңге сапары барысында Қытайдың елдегі билікті басып алу туралы тапсырма берген болар деген пікір айтып жатыр. Бұл рас болса, әлем 21 ғасырдың ең ірі державасының қолдауымен болған және ұйымдастырылған бірінші бейбіт мемлекеттік төңкерістің куәсі болып отыр.

Өткен аптада әскерилер 93 жастағы Зимбабве президентін үйқамаққа алды. Бір айта кетерлігі, бұл әскерді 1970 жылдары Қытай қаржыландырып, қарумен қамтып отырған. Сонымен қатар сол кезден бері олардың тығыз қарым-қатынасы әлі де жалғасып келеді.

Сарапшылардың бұлай пайым жасауына себеп болған тағы бір жағдай - Зимбабведегі 2002 жылы өткен сайлаудан кейін АҚШ пен Еуроодақ санкция енгізген кезде, Қытай араға түсіп, 100-ден астам жобаны қаржыландыра бастаған. Сонымен қатар Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Зимбабвеге қару-жарақ кіргізуді тоқтатып, кедергі келтірмек болғанда да Бейжің қарсылық танытқан.

Қытай президенті Си Цзиньпин 2015 жылы желтоқсан айында Зимбабвеге барып, қосымша көмек көрсетіп, 3,8 млрд фунд стерлинг көлемінде инвестиция беруге уәде берген. Сол кезде Қытай басшысы өз елін «Зимбабвенің ажырамас досы» деп атаған болатын. Сәл кейінірек Сидің қолдауымен Хараридегі жаңа парламент құрылысына 46 млн доллар бөлінген. Сарапшылардың айтуынша, Мугабенің отбасы жасырын қаржысы мен активтерін Гонконгта сақтайды екен.

Қытай осы және басқа да әрекеттері арқылы мемлекетте өзі туралы жақсы қоғамдық пікір қалыптастырды. Мысалы, 2011 жылы Қытай Зимбабвенің ауылды жерлеріне емхана салу үшін 100 млн доллар көлемінде медициналық кредит берді. 2015 жылы Қытайдың Мемлекетік энергетикалық корпорациясы Зимбабведегі жылу электр стансасын кеңейту үшін 1,2 млрд доллар бөлді. Ал Қытай мен Зимбабве арасындағы әскери серіктестік 1980 жылдан бері жалғасып келеді. Қытай Зимбабвенің ұлттық қорғаныс колледжін салып берді. Қытай әскері Зимбабве әскерін оқытты. Сонымен қатар Зимбабвенің қарулы әскер басшысы генералы Константино Чивенги қытайлық әріптестерімен жиі араласып тұрады. Жақында ол Бейжіңде Қытайдың қорғаныс министрі Чан Ванкуанмен кездескен. Сарапшылардың пікірінше, Зимбабведегі әскери төңкеріске Қытай қорғаныс министрінің қатысы бар болуы мүмкін.

Қытайдың Сыртқы істер министрлігі Чивенгидің Чанмен кездесуі қарапайым тәжірибе алмасу болды деген мәлімдеме жасады. Дегенмен, сарапшылар Харари төңкерісіне Бейжіңнің қатысы бар екеніне сенімді. Оған басты себептердің бірі – әскери төңкерістің артында тұруы мүмкін Мнангагва үнемі Мугабені орнынан тайдырғысы келген және ол 1960 жылдары Бейжіңнен иделологиялық және әскери дайындық алған.

Халықаралық даму сарапшыларының айтуынша, Қытай елдегі Мугабе режіміне қарсы күресті және мемлекеттегі тұрақсыз экономиканы үнемі бақылауда ұстаған. Сонымен қатар, Бейжің Зимбабвенің шетелдік компаниялардағы бақылауды күшейту туралы заң қабылдағанына да іштей қарсылық танытқан. «Зимбабведе Қытайдың саяси және экономикалық үлесі жоғары, сондықтан олар барлық жағдайды жан-жақты бақылап отырған» дейді сарапшылар.

Мемлекетте қазіргі жағдай не болып жатқаны белгісіз. Бір анығы, Мугабе зейнетке шығып, билікті басқаға табыстайды немесе күресті жалғастырады. Бірақ, Зимбабве қандай жолды таңдаса да, Бейжіңнің ықпалы артпаса, кемімек емес.

0 пікір
Мұрағат