Зейнетақының мұраға қалдырылмайтындығы заңмен бекітілуде
Зейнетақының мұраға қалдырылмайтындығы заңмен бекітілуде
9 жыл бұрын 3169

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Аталған заң жобасында өмір бойы төленетін зейнетақының мұраға қылдырылмайтындығы нақты көрсетіліп, оны депутаттар бірауыздан дұрыс деп қабылдады.

Сондай-ақ, аталған заң жобасында қосымша 5% мөлшерінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) белгілеу есебінен зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу көзделген. Алайда, бұл жарналар азаматтардың меншігі болып саналмайды және әрбір қызметкердің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған шартты зейнетақы шотында тіркелетін болады.

Мұндай зейнетақы төлемдеріне құқық атына шартты зейнетақы шоты ашылған, кемінде 60 айға ЖМЗЖ аударылған, зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі мерзімсіз боп белгіленген І және ІІ топтардағы мүгедектерге беріледі.

Зейнетақы өмір бойы төленеді және мұраға қалдырылмайды. Жыл сайын зейнетақы мөлшерлері БЖЗҚ экономикалық мүмкіндіктеріне және демографиялық көрсеткіштеріне қарай индекстелетін болады.

0 пікір
Мұрағат