Зайырлы мемлекетте Рамазан айында мұсылман оқушылар каникулға шығатын болды
|
Мұсылман оқушылар тарихында тұңғыш рет... АҚШ-тың Детройт қаласында қасиетті Рамазан айында мұсылман оқушыларға ресми демалыс беріледі. Аталмыш қалаға кіретін мектептер кеңесі қасиетті Рамазан айын аяқталғанша мұсылман оқушыларға қосымша демалыс бермек. Дәлірегі, 2020 жылдың мамыр айының 20-сы күнінен бастап, Детройттағы мұсылман оқушылар заңды негізде демалысқа шығады. Бұл жайында Detroit Free Press жергілікті ақпарат көзі хабар таратты. Детройт мектептер кеңесінің мұсылман оқушылардың пайдасына мұндай шешім қабылдауына Детройт техникалық білім беретін мектептің жоғары сынып оқушысы Мұхаммед Мұнтақымның мақаласы түрткі болғанын айта кету керек. Қаңтар айында жарияланған мақалада автор өзге наным-сенімдегі оқушылар діни мейрамын мерекелеген кезде мұсылмандарға мұндай мүмкіндік берілмегенін жазған болатын. Оның бұл сыны жергілікті білім беру саласының басшыларына ой салды.