|
Ядролық арсеналын қалыптастырып болғанын мәлімдеді
|
«Біз еліміздің ұлттық ядролық күшін қалыптастырып біттік»,- деп мәлімдеді Ким Чен Ын халыққа жаңа жылдық жолдаған құттықтауында. Оның бұл мәлімдемесі Корей халық демократиялық республикасының орталық телеарнасының тікелей эфирінен берілді. Сондай-ақ, ол ядролық кнопканың өзінің жұмыс үстелінде болатынын әрі құрлықаралық баллистикалық зымыранды жаңа сынақтан өткізудің соңғы дайындық кезеңіне өткенін де жеткізді. Десе де ол нақты қандай сынақ турасында ашып айтқан жоқ. Жапондық және, оңтүстік кореялық сарапшылар ядролық заряды бар құрлықаралық баллистикалық зымыран жөнінде айтқанын топшылап отыр. Естеріңізге сала кетейік, Корей түбегіндегі саяси ахуал өткен жылдың қараша айының соңында қатты ушығып кеткен болатын. Солтүстік Корея жаңа тұрпатты «Хвасон-15» деп аталатын құрлықаралық баллистикалық зымыранды бір жарым ай бойы сынақтан өткізгені үшін. Мамандардың айтуынша, аталмыш зымыран ұзақ қашықтықты қамтитын әрі ядролық оқтұмсықты зымыран болуы мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ.