WWF: 2050 жылға қарай адамзат азық-түлік тапшылығына ұшырауы мүмкін
|
Егер Жер тұрғындарының саны бүгінгідей қарқынмен өссе, ал тағамды өндіру және адамдардың сұраныстары өзгермесе, онда 2050 жылға қарай адамзат азық-түлік тапшылығынан зардап шегеді, делінген Дүниежүзілік тұмса табиғат қоры (WWF) дайындаған баяндамада, деп жазады РИА Новости.
"Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығындағы қажеттіліктер үшін жердің 50%-ы пайдаланылады. Тағам өндірісі қоршаған ортаға әсер етіп, оны өзгертетін факторлардың бірі", - делінген WWF үшін Metabolic компаниясы дайындаған баяндамада.
Баяндамада көрсетілгендей, тағам өндірісі кезінде парниктік газдың 25-30% бөлінеді. Бұл климаттың өзгеруіне әсер етеді. Адам пайдаланатын су ресурстарының 69%-ы ауыл шаруашылығындағы қажеттіліктер үшін жұмсалады. Айта кету керек, ауызсу Жердегі судың 3%-ын ғана құрайды.
"Тұтынушылардың теңіз өнімдеріне деген қызығушылығы 90% теңіз балықтарының аулануына түрткі болып отыр. Бұл ресурстардың азаюына әкелуде - көп жағдайда балықтардың, су жәндіктерінің өсіп-өнуін қалыпқа келтіру мүмкін болмайды", - делінген баяндамада.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәліметінше, бүгінде азық-түлік өнімінің 31%-ы лақтырылуда. Адам пайдалана алатын тағам «шығыны» 1,3 миллиард тоннаға бағаланып отыр. Ал әлемде 795 миллион адам тойып тамақ ішуге зәру. Қажетсіз деп лақтырылған тағамның ширегінің өзі бұл адамдарды тамақтандыруға жетер еді.