Владимир Путиннің исламды қабылдағаны рас па?
|
РФ президенті Владимир Путинге қатысты ғаламторда анық-қанығы дүдамал екі мәлімет тарауда. Біріншісінде Путин исламды қабылдапты-мыс. Екіншісі - 6 наурыздан бері ел алдына шықпаған Ресей президентін өлдіге жорыған ақпарат. Бұл туралы «Алаш айнасы» хабар таратып, осы мәліметке қатысты отандық сарапшылар пікірін біліп көрді...
Алдымен екі ақпаратты сол қалпында бере кетелік.
«Путин исламды қабылдады». Бұл мәліметті Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Лайфньюз» телеарнасына растады деп хабарлаған «Интерфакс».
Песковтың айтуынша, шынымен де Путин исламды қабылдаған.«Владимир Владимирович маған мән-жайды түсіндіріп айтқан жоқ. Бірақ мен оны бұрыннан білемін, сондықтан ол ойланбай ешнәрсе жасамайды деп айта аламын. Бәлкім, бұл арада қандай да бір ізденіс туралы болып отырған шығар. Мен де көңіл бөліп жүрмін. Қазір Құран оқимын» дейді ол.
Орыс православ шіркеуінің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Всеволод Чаплин болса, «Россия» телеарнасына патриарх науқастанып қалғанын, сондықтан бұл жаңалықты ол толықтай түсіндіріп бере алмайтынын айтқан. Бірақ ол президенттің рухани ізденісіне құрметпен қарайтынын жеткізуді айтты дейді Чаплин.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров «Твиттердегі» жеке парақшасында бұған дейін бұлайша бақытты болмағанын айтып, енді Путин барлық құдайсыздарға джихад жариялайды деген үмітін білдіріпті.
«Дождь» телеарнасына берген сұхбатында ресейлік саясаттанушы Сергей Макаров бұл геосаяси жағдайларды есепке ала отырып, қабылданған шешім деп айтқан. «Біздің президент, ең алдымен, Ресейді ойлайды. Құндылығында құны жоқ либералдық Батыстың ортасына түспес үшін бізге мықты одақтастар керек. Ислам әлемі елдері бізге мықты тірек бола алады. Қалай дегенмен де Құдай біреу ғой» дейді саясаттанушы.
РФ СІМ басшысы Сергей Лавров та бұл мәліметті растапты-мыс, Мәскеуге жуырда ислам елдерінің делегациясы ат басын тіремекші екен.
Путиннің көзі тірілігіне күмән келтіруші - РБК.ру ақпарат порталы. Олар президенттің ел алдына 6 наурыздан бері шықпағанын, ал одан кейін жабық есік жағдайында өткен кездесулердің, тіптен болмағанын анықтап, арнайы журналистік зерттеу жүргізгендеріне дейін жазыпты. Ал Кремльдегілер президенттің дін аман екенін айтуда. Тіпті, РФ президентінің баспасөз хатшысы кеше кешкісін Bloomberg агенттігіне президенттің дені саулығын растауға да мәжбүр болған.
Сол секілді 13 наурызда Астанада өтуі тиіс үштік (Назарбаев, Путин және Лукашенко) кездесуі де кейінге шегерілуі бұл күмәнді қоюлата түскен.
Негізінен, жоғары лауазымды тұлғалар кездесуінің кейінге шегерілуі сирек кездесетін жағдай екен. Түркия мен Израильдегі Ресейдің төтенше және өкілетті елшісі Петр Стегний мұндай жағдай күтпеген жайт орнағанда немесе одан да маңызды істі еңсеру сәті туындағанда, ал кейде кездесуде қаралуы тиіс құжаттар толық дайын болмағанда орын алатынын айтады.
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, бұл екі сыбысқа да негіз бар деп ойлаймын дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали. Оның ойынша, қазір Путин іштегі күйігін тарқатып жатыр. Бұл орыс халқы үшін қалыпты әрі түсіністікпен қарайтын жағдай.
- «Уы тарқасын» деп мұндайда қызметшілері патшаны мазаламайды. Шынымен де соңғы кездері Ресей президентінің жан-жағындағы дүниенің ию-қиюы кетіп қалды. Батыс сөйлесуден қалды, одақтастары оны түсінеді, бірақ көп талабын орындауға құлықсыз. Жеке бастың мәселесі де мәз емес. Ал амбициясы мықты адам үшін бұл жүйкеге бағытталған үлкен соққы, - дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар Әзімбай Ғали Путиннің исламды қабылдауы мүмкін еместігін, бірақ оны шоқпар етіп сілтеуі әбден ықтимал екенін баса айтады.
- Путиннің қазіргі мақсаты – КСРО-ны жаңғырту емес, ислам елдері алдында абырой жинап, оларды Батысқа қарай айтақтап, Еуропаның әр жеріне пәле салу; сөйтіп өзіне қыр көрсеткен Батысқа мықтап жауап қату. Бұл соңғы қабылданған тактикалық шешімнің бірі болуы мүмкін. Сондықтан «Путин исламды қабылдапты» деген секілді сыбыстың шығуы кездейсоқтық емес. Қалай дегенмен де ол мықты тактик болғанымен, стратегия жағынан осалдау. Сол себепті ол жасаған қадамдардың кейбірі сәтті бола бермейді. Ал ислам елдерін көзір ету амалы қаншалықты тиімді болады? Оны дөп басып айта алмаймын. Жартылай ислам мемлекетіміз деп Ресей ислам елдерімен жақындаса бастайды, бірақ президенттің исламды қабылдауы екіталай, - дейді маман.
Ресей президенті саяси технологияны жетік меңгерген тұлға екенін баса айтқан саясаттанушы Кеңес Сманов бұл екі сыбыс та оның айналасындағылар мен сырттағылар үшін арнайы сынақ деп санайды.
- Соңғы кездері Батыс қатты саса бастады. Батыс елдері өз армиясын құру туралы мәселе көтеріп жатыр. Сондықтан «темірді қызған кезде соқ» демекші, ислам туралы сыбыс онсыз да әсіре исламшылардан қорқатын Батыс үрейін үрлеп, уақытты ұту үшін керек боп жатқан секілді. Сонымен қатар бірер ай бұрын ұлттық қорды жекелей өз бақылауына алған президенттің айналасындағылардан береке қаша бастаған. Сондықтан іштегілердің де тамырын басып көру қазір өзектілік танытқан шығар, - дейді саясаттанушы.
Автор: Кәмшат Сатиева
Paygambarimiz(S.A.S) kezinde kurt ISLAM kabildagan adamdar az bolmadi emespe??? Batis elderinin sayasatkerleri dinimizge jala jabuga tirisip jatkan kezde bir derjavanin baswisi ISLAM kabildaui ALLAH tin hak dinimizge jardemi emespe?!?!Aygili baswilar Otto-Fan Bismark,Napaleon Banoparttar islamin haktigin moyindaganda Putyn mirzanin Islam kabildauida Allahtin kalaui goy. Reseydegi mindagan milliondagan zhamagattin win zhurekten elbasilarina IMAN tileui Allahtin aldinda eskerusiz kalmaganday.
AR AKILDI ADAMNIN SONGI KELER ZHERI HAK DIN ISLAM!!!ALLAH BAUIRIMIZDIN IMANIN BEKEMDESIN!!DUGA ETYIK AGAYIN!!!!!