«Виртуалды қажылық» төңірегіндегі талас-тартыс өршіп барады
«Виртуалды қажылық» төңірегіндегі талас-тартыс өршіп барады
4 жыл бұрын 3606 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Жер-көкті жайлап, жолындағысын жайпап бара жатқан жұқпалы індетке байланысты әлем елдері оқшауланып, замануи технологияның көмегімен қашықтан жұмыс істеп, қашықтан білім алып, қашықтан хабар алмасып жатыр. Көзге көрінбейтін жаудан осылайша қорғанып, сақтық шараларына көшуде. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі мәлім етеді. Пандемияға байланысты діни жоралғылардың кейбіреуі (мәселен, құрбан шалу) онлайн режимде атқарылып жатыр. Пандемияға байланысты Саудия билігі де шетел азаматтары үшін қажылықты тоқтатты. Осындай мәжбүрлі өзгерістер мен шектеулерге байланысты ІТ (ақпараттық технология) мамандары «виртуалды қажылық» тәжірибесін ұсынып жатыр. Шілде айының 21-і күні The Wall Street Journal мерзімді басылымында «виртуалды қажылықты» дамытуға арналған мақала жарияланды. Бұл жоба жоғарыда аталған себеппен қасиетті сапарға аттана алмағандарға үйінде отырып-ақ қажылық рәсімдерін атқаруға мүмкіндік береді. Осылайша covid-19 пандемиясымен күресу үшін қабылданған шектеу шараларын сақтайды. Әдетте жыл сайын әлемнің әр түкпірінен қажылық парызын өтеу үшін қасиетті Мекке мен Мәдина шаһарына 2,5 млн адам ағылады. Биыл пандемияға байланысты шетел азаматтарына жол жабық. Тіпті, Саудияның өз ішінде де белгілі бір талаптар мен шектеулер сақталады: жасы 65-тен асқан егде жастағылар қажылыққа жіберілмейді. Бұл жайында аталған араб елінің қажылық және ұмра істері жөніндегі министрі Мұхаммед Салық Бентеннің өзі мәлімдеген болатын. Десе де көптің көкейіндегі сауалдың нақты жауабы әлі берілген жоқ: «виртуалды» қажылық шын қажылықтың орнын алмастыра ала ма?... Алайда, Centlion Inc негізін қалаған Сауди Мұхаммед аш-Шариби америкалық Newsweek мерзімді басылымында шілде айының 24-і күні жариялаған мақаласында виртуалды қажылықтың артықшылықтарын тізбелепті: қажылық бару үшін жолға шығын шығармайсыз, қажылық кезіндегі қаптаған қалың нөпір арасында қысылып қолайсыздықты сезінбейсіз, «виртуалды қажылық», әсіресе, денсаулығы нашар адамдарға қолайлы, т.б. Ал өзгелер не дейді? Ұлыбританияның мұсылмандар кеңесі виртуалды қажылықтың шын қажылықпен теңестірлмейтіндігі жөнінде келісімге келгендерін мәлімдеді. Ал Таяу Шығыстағы танымал саясаттанушы әрі экономика сарапшысы Әлі аш-Шихаби қажылықтың белгілі бір хикметі қасиетті сапарға аттанған адамның жол азабын көрумен, қасиетті мекенге келумен байланысты болатындығын алға тартып, виртуалды қажылықтың шын қажылықтың орнын баса алмайтындығын мәлімдеді. 2009 жылы ұмраға барған Лондон қаласындағы Ридженс университетінің профессоры Джонатан Уилсон бұл тарапта мынадай пікірін білдіріп отыр: ихрам кию, т.б. рәсімдер қажылықтың өзі секілді маңызды жоралғылар болғандықтан виртуалды қажылық шын қажылықтың орнын алмастыра алмайды. Осылай дей келе ол бұл жайт өз кезегінде виртуалды суда жүзумен бірдей әрекет екенін алға тартады. Солай дегенмен ол виртуалды қажылықтың өзі мұсылманға рухани қанат бітіріп, ал мұсылман еместерге кіруге тыйым салынған киелі орындарды тамашалауға мүмкікдік беретінін жасырмайды. Бұған қоса, виртуалды қажылық өз кезегінде қасиетті сапарға аттанғысы келетін мұсылманға тыңғылықты дайындалуына көмектеседі. Ақыры сөз орайы келген екен, мұндай тәжірибе пандемияға байланысты бірінші рет айтылып тұрған жоқ: 2009 жылы доңыз тұмауы өршіп тұрғанда да виртуалды қажылық бастамасы көтерілген болатын. Дәлірегі, Islam Online желісі әзірлеген виртуалды саяхатқа қатысты Second Life веб-сайты жұртшылық назарына ұсынылған еді. Талмыш сайтта қажылық туралы барлық мағлұматтар, соның ішінде қажылық жоралғылары туралы мәліметтер егжей-тегжейлі берілген болатын. 2017 жылы Саудияның тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның тікелей пәрменімен құрылған қайырымдылық қоры виртуалды кеңістік арқылы киелі жерлерде болуға мүмкіндік берілген болатын. Бұл жоба мұсылмандарды қасиетті сапарға дайындауды ұйғаратын. IUmrah.World компаниясы да мұсылмандарға жылдың кез келген уақытында ұмраны атқаруына мүмкіндік беретін қосымша дайындаған еді. IUmrah.World компаниясының жетекшісі Ахмет әл-Хаддад келесі жылы бесінші буын (5G) технологиясының көмегімен мұсылмандарға қажылықты бастан-аяқ транляциялайтын iHajj қосымшасын іске қосатынын мәлімдеді. Немістердің Bigitec GmbH компаниясы әзірлеген, мұмылмандарға арналған 3D видео ойын да пайдаланушыға 3D-симуляция аясында мұсылмандарды қажылық кезіндегі құлшылыққа үйретіп, шын қажылыққа дайындайды. Бұл ойында қолданысқа енгізуге байланысты аталмыш компанияның негізін қалаушылардың бірі Біләл Шабиб қасиетті сапарға аттанған адамның жергілікті жердің климаты мен дәстүріне, тағы басқа қолайсыздықтарға байланысты қажылығын дұрыс атқара алмауы мүмкін екенін алға тарта келе заманауи технологиялармен жасалған мұндай бағдарламалардың мұсылман адамға берері көп екенін жеткізді. Мәселен, Labbaik VR Ltd компаниясы да виртуалды шындық технологиясы негізінде мұсылмандарға қосымша дайындады. Пандемияға байланысты жол жабық болғандықтан аталмыш жоба жетекшісі Аднан Макбұл WUZU деп аталатын жаңа өнім арқылы пайдаланушының смартфонымен қажылықтың қыр-сырына қаныға алатынын тілге тиек етті. Мұның бәрі айналып келгенде қиын кезеңде мұсылмандарға қолұшын созудан туған жобалар. Десе де олар шын қажылықтың орнын алмастыра алмайды. Ол ол ма, IUmrah.World компаниясының өкілі Ахмет әл-Хаддад қажылыққа қатысты тәжірибе жинауға көмектесетін виртуалды қажылықтың бір кездері заңдастырылатынына да сенім білдіріп отыр.

0 пікір
Мұрағат