Ұзаққа созылатын дағдарыспен бетпе-бет...
Ұзаққа созылатын дағдарыспен бетпе-бет...
6 жыл бұрын 3091 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Инфляцияның күрт шарықтауы, ұлттық валюта бағамының құлдырауы, пайыздық ставканың тежеусіз өсуі әрі қор нарығының күйреуі тұтас бір елдің басына қара бұлт болып үйірілді. 2001 жылдан бергі тұрақты экономикалық өсімнің ақыры осындай болды. Жиырма жылғы жетістік айналдырған бір жыл ішінде жермен-жексен болды. Бұл жолғы қауіп пен қиындық сіркіреп өте шығатын жауын секілді емес, ұзаққа созылатын түрі бар. Түркия экономикасының өркендеуіне ағыл-тегіл құйылған шетелдік ресурс себеп болды. Өзінен емес, сырттан келген қаражат осылайша опа бермей суша ағып кетті. АҚШ-тың федералды резерв жүйесі мен еуропалық орталық банктің ондаған жылға созылған экспансионистік ақша-несие саясаты Түркия секілді елдердің экономикасына жыл сайын 5%-ға өсуіне мүмкіндік беріп келген еді. 2003-2008 жылдар аралығында Түркияның жыл сайынғы экономикалық өсімі 5,9%-ды, ал 2009-2017 жылдары 4,9%-ды құраған еді. 2014 жылдан бастап Түркия экономикасының өсу қарқыны баяулай бастады. Өйткені, батыс елдерінің экспансионистік саясаты аяқталып, пайыздық ставканы көтеруден басқа мүмкіндігі қалмады. Түркия үшін 2018 жылы ең ауыр жыл болды. Дағдарыс басталды. Түркияның орталық банкі келтірген дерекке қарағанда, 2018 жылдың алғашқы үш тоқсанында шетелден бірде-бір қаржы түскен жоқ, ол ол ма, керісінше жағдай орын алып, елден капитал жылыстаған - 4,2 млрд доллар. Al-Monitor мәліметі бойынша экономикалық өсу жылдары Түркияға сырттан келген қаражаттың дені ипотекалық несие, автокредит, несие картасы түрінде пайдаланылған. Тұтынушылық несие ішкі тұтыну деңгейін ұстап тұрған экономикалық маңызы болғанымен табысы төмен тұрғындарды қарызға белшесінен батырып кеткен. 2004 жылы тұтынушылық несие мен кредит картасындағы қарыз жылдық, ұлттық табысқа шаққанда 4,6%-ға жеткен, яғни, банк несиесінің жалпы мөлшерінің 24%-ын құраған екен. 2013 жылы бұл көрсеткіш ұлттық табыстың 18%-на жеткен немесе банк несиесінің жалпы мөлшерінің 31%-ын құраған. 2014 жылдан соң үй шаруашылығының қарызы проблемаға айналды: банктер несиені қайтара алмай қалды. 2017 жылға дейін ішкі тұтынуға арқа сүйеген экономикалық өсім кәсіподаққа кірмеген 19 млн жұмысшыға несиемен күнкөруіне мүмкіндік берген болатын. Түркияның революциялық кәсіподақтар конфедерациясының мағлұматы бойынша жұмысшылардың 66%-ы айына 365 доллардан төмен жалақыны місе тұтқан. Мұндай табыспен өмір сүру өте қиын. Яғни, халықтың дені қол жеткізуге оңай несиенің арқасында жан баққан болатын. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында тұрғын үй несиесі бойынша пайыз ставкасы 13% болса, қараша айында бұл көрсеткіш 29%-ға шарықтап кеткен еді. Үй шаруашылығының дені қарызды қайтаруға арналған кредит картасы бойынша алынған пайыз ставкасы 37%-ды құраған екен. 2018 жылдың мамыр айында аталған елдің Орталық банкі жариялаған қаржы тұрақтылығына қатысты есебінде кредит картасы бойынша алынған банк несиесі мен қарызы 153 млрд долларға жеткен немесе үй шаруашылығы қарызының 56%-ын құраған. Үй шаруашылығының несиесі мен қарызына қатысты дау-дамай әлі толастар емес: 1,1 млн адам сот төрелігіне жүгінуге тура келген. 2018 жылдың алғашқы 9 айында бұл көрсеткіш 3,2 млн борышкерден асып кеткен. Банктер мен қаржы мекемелері елге берген қарыздарының 21%--ын немесе 3,5 илрд долларын қайтара алмай отыр. 

Түркия бұл тығырықтан қалай жол тауып шығады? Көбік экономика көлеңкесінен жаураған елдің ертеңі не болады? "Көбік" дейтінімз, сырттан келген жеңіл ақша ақыры тұтас бір елді осылайша сазға отырғызып кетті. Сарапшылар мен қаржыгерлердің айтуынша, жеңіл ақшаның күні өтіп барады. 

0 пікір
Мұрағат