Ұрланған бала 40 жылдан кейін анасымен табысты
|
1973 жылы Чилидің 19 жастағы тұрғыны Нелли Райсқа дәрігерлер дүние есігін енді ашқан перзентінің шетінеп кеткенін хабарлаған еді. Арада 41 жыл өткенде баласының аман екенін білгенде есінен танып қала жаздады. Нақтырақ айтқанда, америкалық азамат оған хат жазып, баласы екенін хабарлайды. Қызық болғанда, өзін босандырған дәрігерлердің сөзіне сеніп қалған әйел шарананы көрсетуді талап етпеген еді кезінде. Ол ол ма, шарананың шетінегені жайында куәлікті де талап етпеген. Бұл жайында «Mirror» ақпарат көзі хабар таратты. «Жасым 40-қа келгенде туғандарымды іздеуге кірістім. Мені асырап алған ата-анам өсіріп-жеткізгенін білетінмін. Бала кезімде маған менің туған жерім Чили екенін айтқан болатын»,- деді АҚШ-тың Вашингтон штатына қарасты Такома қаласының тұрғыны Трэвис Тролье. «Өгей әке-шешем мені балалар үйінен асырап алғандарын айтқан болатын. Онда қалай тап болдым, ешкім білмейді. Ұзақ уақытқа созылған іздестіру жұмыстарынан кейін әлеуметтік желіден өткен ғасырдың 60-90 жылдар аралығында Чилиде балалардың көптеп жоғалғаны туралы ақпаратқа кезіктім. Олардың саны бірнеше жүз болатын. Оларды шетелдіктерге сатқан немесе балалар үйіне өткізген»,- деді америкалық азамат ағынан ақтарылып. «Чилиден ұрланған балаларды ата-анасымен қауыштыратын қауымдастықпен "Фейсбук" әлеуметтік желісінде танысудың сәті түсті. Оларға өзім жайындағы ақпараттарды бердім. Тура бір айдан кейін олар маған туған анамның байланыс дерегін тауып берді», - деді ол сөзін сабақтап. Екі баланың әкесі атанып үлгерген ол Чилиде өзінің үш інісі мен екі қарындасын барын біледі. 61 жастағы Нелли Райс 40 жылдан кейін табылған баласын АҚШ-тан Чилиге көшіріп алатынын жеткізді.