|
Үндістанның тағы бір штаты адамның дінін ауыстыруға ықпал еткен тұлғаларға жазаны күшейтті
|
Үндістан билігі дін саласындағы заңнаманы қатаңдатуды жалғастырып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы persecution.org ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Азияның оңтүстігіндегі аталған елдің ірілігі жағынан екінші орында тұрған Махараштра штатында құқық қорғаушылар мен діни ұйымдар тарапынан қатаң сынға ұшыраған жаңа заң жобасын қабылдады. Осы аптада штат парламенті 2026 жылдың “Дін бостандығы туралы” заңды бекітті. Атауына қарамастан заңда діни сенімін ауыстыруға қатаң шектеу қойылған. Жаңа заңда қарастырылған талаптарға сәйкес басқа дінге «заңсыз кіргізгені» үшін қомақты айыппұл салынып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, ал қайталап бұзған жағдайда мерзім 10 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Үнді ұлтшылдарының ұйытқы болуымен мұндай заң қабылданса да осы елдегі христиандар мен мұсылмандар саны ондаған жылдар бойы салыстырмалы түрде тұрақты болып келеді. Яғни, үнділерді жаппай исламға немесе өзге наным-сенімге тартып жатқан жоқ. Мұндай солақай заң қазірдің өзінде Үндістанның оннан астам штатында, соның ішінде елдің ең ірі штаты - Уттар-Прадеште қолданылады. Онда осындай заң 2021 жылы қабылданған болатын. Бұл тарапта мыңдаған істердің қозғалғанына қарамастан, нақты үкімдер сирек шығарылады. Дегенмен, айыптаудың өзі діни азшылықтар үшін үлкен қиындықтар туғызады: адамдар кірістерін жоғалтады, адвокаттарға көп қаражат жұмсауға мәжбүр болады, ұдайы қысым астында өмір сүреді. Әсіресе, «өзге дінге мәжбүрлеу» анықтамасының мағынасы түсініксіз. Мәселен, тіпті, тегін білім, мұқтаждарға көмектесу, рухани тақырыпта сөз қозғау, арғы дүние туралы әңгімелер үшін абақтыға жаба салады. Осылайша кез келген діни әрекет заңсыздық ретінде танылады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай заңдар зорлық-зомбылыққа жол ашады. Кейбір жағдайларда радикалды топтардың өздері христиандар мен мұсылмандарға “қарадай соқтығысып”, осы нормалардың сақталуын «бақылауға» тырысады. Көбіне полцияның өзі радикалдар жағына шығып, олардың одан ары жүгенсіз кетуіне ықпал етіп жатады. Өзге дінге кіруіне ықпал етуді желеу етіп, наным-сенім бостандығын тұсаулап отырғанын алға тартып отыр сарапшылар.
