|
Үндістан криптовалютаны енгізу бойынша әлемде көш бастады
|
Үндістан криптовалютаны енгізуден әлемде көш бастады, деп хабарлады 24.kz
Бұған былтырғы жылдың қорытынды рейтингісі дәлел. Әсіресе, табысын молайтуды қалайтын жастардың қызығушылығы жоғары. Көбісі 35-ке толмаған. Бірақ, елдегі цифрлық валюта нарығын кім бақылап отырғаны белгісіз.
Үндістанда гүл сататын дүкен иесі 2 айдан бері криптовалюта нарығын зерттеп жатыр. Осы мақсатта ол күнде сабаққа барады. Өйткені, гүлдер өтпей қалатын кездер болады. Жас кәсіпкер: «Сондай қиын шақтарда криптовалютадан қосымша әрі тұрақты табыс табамын», – дейді.
Ашиш Нагосе, гүл сататын дүкеннің иесі: - Криптовалюта саласына көп адам ауысып жатыр. Менің негізі бұрыннан кәсібім бар. Бірақ, цифрлық валюта нарығын да меңгеріп алайын деген шешімге келдім. Өйткені, бұл қарыштап дамып, үлкен сенім тудырып отырған сала. Бірнеше сауда стратегиясына ден қойдым.
CoinGecko сараптама орталығы криптовалютаға жаңадан келгендердің есебінен ірі биржалардағы биткоин, эфириум, доджкоин және басқа цифрлық активтердің жалпы құны 2 есе артқанын айтады. Былтырғы көрсеткіш 2 миллиард долларға жуықтаған. Үндістанда жұмыс тапшы болғанның өзінде көбінде жалақы мардымсыз. Сондықтан жастар жаңа табыс көзін іздеп әлек.
Яш Джайсвал, сауда академиясының иесі: - Жалақымыз өте төмен. Айлықты шайлыққа жеткізу, бала-шағаны асырау өте қиын. Табысымызды көбейткенде, БМВ сияқты қымбат көлікте жүру деген арман жоқ бізде. Көп отандастарымыз кішкентай ғана қарапайым көлігіміз болса ғой деп армандайды.
Chainalysis сараптама фирмасының мәліметі бойынша былтыр Үндістан крипвалюта енгізудің әлемдік рейтингінде бірінші орынға шықты. Бірақ қазір бұл нарық мемлекет бақылауында емес. Десе де үнді үкіметі цифрлық активтер саудасынан түскен табысқа 30% салық салады. Сарапшылар: «Бұл дүниежүзіндегі ең жоғары салықтың бірі», – дейді.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Дана Ермак