|
Үндістан арықтататын дәрі-дәрмегімен жаһандық нарықты өзгертпек
|
Үндістанда семаглутид патентінің аяқталуы салмақты екі еседен астам төмендететін ең тиімді құралдардың бірін арзандатып, семіздікке қарсы дәрі-дәрмектің жаһандық нарығын өзгертуі мүмкін. Бұл туралы Islam.kz порталы BBC News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Бұл арада семаглутид молекуласы турасында сөз болып отыр, оның негізінде даниялық Novo Nordisk компаниясы танымал «Оземпик» және «Вегови» дәрілерін шығарады. Патент аяқталғаннан кейін үнді фармацевтикалық компаниялары өз женериктерін - түпнұсқа дәрі-дәрмектің арзан әрі ұқсас түрлерін өндіру мүмкіндігіне ие болады. Сарапшылардың болжамы бойынша таяу айларда үнді нарығында 50-ге дейін брендтелген семаглутид женериктері пайда болуы мүмкін. Оларды әзірлеумен елдің ірі фармацевтикалық компаниялары айналысуда, оның ішінде Cipla, Sun Pharma, Biocon және Natco Pharma компаниялары да бар. Сарапшылар бұл тараптағы бәсекелестік емдеу құнын екі еседен көп төмендетуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазіргі уақытта Үндістанда «Оземпикпен» бір айлық емдеу ақысы шамамен 8800-ден 11 мың рупийге дейін, ал «Вегови» - 16 мың рупийге дейін. Женериктер пайда болғаннан кейін баға айына үш-бес мың рупияға дейін төмендеуі мүмкін. Семаглутид глюкагон тәрізді пептид-1 (GLP-1) рецепторларының агонистері - дәрілер класына жатады. Олар тәбетті және қандағы қант деңгейін реттейтін гормонды имитациялайды. Дәрі инсулин өндірісін ынталандырады, асқазанның босау уақытын баяулатады және тоқтық сезімін ұзақ сақтауға көмектеседі. Бастапқыда аталмыш дәрі сусамырды (диабетті) емдеу үшін әзірленген, алайда, кейіннен салмақты азайтудың ең тиімді құралдарының біріне айналды. Jefferies инвестициялық банкінің сарапшылары Үндістандағы семаглутид нарығы 1 миллиард долларға жетуі мүмкін, деп есептейді. Бағаның төмендеуі осындай дәріге қол жеткізу мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, Үндістанның 2021 жылы 16 миллион доллардан бүгінгі таңда 100 миллионға жуық долларға дейін ұлғайған семіздікті емдеу нарығында елеулі өзгерістерге жол ашады. Тек Үндістан нарығында ғана емес, сонымен қатар, жаһандық дәрі-дәрмек нарығының кеңейуіне ықпал етпек.