Үндістан әлем бойынша сұйытылған газды ең көп импорттаған мемлекетке айналды
|
Алғашқы жарты жыл ішінде импорт көлемі 30% артқан. Мемлекет осылайша біртіндеп көмірқышқыл газын қысқартуға ниетті. Бұл туралы 24.kz ақпарат көзі хабарлады.
Ал Сауд Арабиясы мұнайға тәуелділікті азайтуды көздеп отыр. Сөйтіп, өзге секторларға көбірек ақша құйып, 2030 жылға дейін инвестиция көлемін 1 триллион долларға жеткізуді жоспарлап отыр.
Сауд Арабиясы мұнайға тәуелділікті азайтуға ниетті
Ең ірі мұнай өндірушілердің бірі Сауд Арабиясы қара алтын секторына құйылатын инвестиция көлемін азайтуға ниетті. 2028 жылға қарай оған бөлінетін ақша 40 миллиард долларға қысқарады. Сөйтіп, жаңа инвестициялардың 73% тау-кен, металлургия, көлік, логистика салалары мен цифрландыруға бағытталады. Корольдік осылайша мұнайға тәуелділікті азайтпақ. Өйткені, биыл екінші тоқсанда бюджет тапшылығы 4 миллиард доллардан асып кеткен. Шикізат бағасының төмендеуі және ОПЕК шектеулері салдарынан мемлекет қазынасын толтыра алмай отыр. Бюджет тапшылығы әлі бірнеше жыл жалғасады деген күдік бар. Десе де корольдік көміртексіздендіру мақсатында табиғи газға құйылатын инвестиция көлемі өзгеріссіз қалатынын айтады.
Үндістан газдандыру жобаларына ден қойып отыр
Үндістан да көмірқышқыл газының шығындыларын азайту мақсатында газдандыруға бағытталған жобаларға ден қойып отыр. Елде көмірмен жұмыс істейтін кәсіпорындар көп. Алдағы 3 жылда соларды мүмкіндігінше көгілдір отынға ауыстыру көзделген. Сөйтіп, Үндістан сұйытылған табиғи газды ең көп сатып алған мемлекетке айналды. Маусымда 2,5 миллион тоннадан астам шикізат импортталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45% көп. Бұған аймақтағы аномальды ыстық ауа райы себеп. Содан газға сұраныс та артқан.
Еуропа жаңартылатын энергия көздеріне зор үміт артып отыр
Еуропада тамыздың басынан бері газдың орташа құны 19% өскен. Сөйтіп, қазір ол өткен жылдың соңынан бергі ең жоғары межеге жеткен. Сарапшылар бұл уақытша екенін айтады. Өйткені, қазір кәрі құрлықтағы газ сақтау қоймалары 88,5% толы. Бұл кейінгі 5 жылдағы орташа көрсеткіштен жоғары. Демек, көгілдір отын тапшылығының қаупі төмен. Жалпы қазір Еуроодақ жаңартылатын энергия көздеріне ден қойып отыр. Былтыр алғаш рет желден алынған энергия газ арқылы өндірілген энергиядан асып кеткен. Сөйтіп, өткен жылы одақта жаңартылатын қуат көздерінің үлесі рекордтық 44% жеткен.