Ұлыбританияда міндетті ағза донорлығы туралы жаңа заң қабылданды
Ұлыбританияда міндетті ағза донорлығы туралы жаңа заң қабылданды
1 жыл бұрын 646 inform.kz Ғалымжан Қараманұлы

Ұлыбританияда Міндетті ағза донорлығы туралы заң жыл сайын мыңдаған адамды ажалдан арашалап келеді. Заңға сәйкес 18 жастан асқан азаматтар тірі кезінде өзі тыйым салмаса, қайтыс болған жағдайда ағзалары автоматты түрде мұқтаж жандарға беріледі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Кира Болл 9 жасында көлік апатынан қайтыс болды. Ата-анасы қайғы жұтып қиналса да қызының ағзаларын бірнеше адамға бөліп беруге келіскен.

«Кираны жоғалтып алғанымыз өте өкінішті. Оны аман алып қалу мүмкін болмады. Бірақ қызым 4 адамға өмір сыйлады», - дейді Кираның анасы Лоанна Болл.

«Донорлыққа келісімімді сұрағанда Кираға қарадым да бәр сәт ойландым. Егер қызымның таңдау мүмкіндігі болса, ол келісер еді дедім. Өйткені Кира табиғатынан өте мейірімді жан еді», - дейді Кираның әкесі Джо Болл.

Өмірін сақтап қалғандардың арасында 9 жасар Макс Джонсон да бар. Вирустық инфекциядан кейін жүрек талмасына душар болған бала донордың арқасында қазір дін-аман.

«Шынымды айтсам, мен өлуге дайын болдым. Әке-шешемді құшақтап, оларды соңғы рет көріп отырмын деп ойладым», дейді реципиент Макс Джонсон.

«Донорға деген алғысымыз шексіз. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ата-анасы өте қиын кезеңде басқалардың өмірі туралы ойлады», - дейді Макстың анасы Эмма Джонсон.

Бұл оқиға Міндетті ағза донорлығы туралы жаңа заңның қабылдануына түрткі болды. Премьер-министр бастама көтеріп, маңызды құжатқа қол қойылды және оны «Макс пен Кира» заңы деп атады. Содан бері кенет қайтыс болған адамның бүйрегі, жүрегі, өкпе-бауыры туысқандарының рұқсатынсыз мұқтаждарға беріліп жүр. Егер адам тірі кезінде қарсылығын онлайн білдіріп кетпесе, әрине.

«Қазір жағдай мүлдем басқаша. Халық арасында жаңа мәдениет қалыптасты. Бүкіл ұлттың ағза донорлығына деген көзқарасы өзгерді және донор болуды абырой санайтындар көп», дейді Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі Трансплантология дамыту бөлімінің жетекшісі Клэр Виллимент.

Статистикаға сәйкес өткен жылы 4,5 мыңға жуық науқас тірі немесе қайтыс болған донордың ағзасын пайдаланып, аман қалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бес пайызға көп. Дей тұрғанымен, трансплантацияны сарыла күтіп жүрген 7000-нан астам адам әлі де бар. Өткен жылы 400-ден астамының кезегі жетпей қайтыс болыпты.

Ғалымжан Қараманұлы

0 пікір
Мұрағат