Ұлттық сусынды желеу еткен қырғыздар шала бүлініп жатыр
|

Қырғызстанның көптеген тұрғыны мүфтияттың қырғыздардың ұлттық сусыны атанып кеткен бозадан бас тартуға шақырған үндеуіне наразылық білдіріп жатыр. Тіпті, бұл арада Қырғызстан мұсылмандар басқармасы тарапынан бозаға тыйым салатын арнайы пәтуа шығарылмаса да. Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасының пәтуа жөніндегі бөлімінің өкілі Рафаэль Татиков адамды масайтатыны үшін мүфтияттың осындай қадамға барып отырғанын жеткізді. Бұл жайында «МИР 24» телеарнасы хабар таратты. Осылайша ата-баба жолы деп, ұлттық сусын үшін діни құндылықты мансұқтап шыққандар мен мүфтият арасындағы дай-дай талас-тартыстың арты немен бітерін айта алмаймыз. Боза – ислам келмей тұрып пайда болған қырғыздардың ұлттық сусыны. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» - боза маусымы қыс мезгілінде жанданады. Өйткені, адамның бойын жылытады деп сенеді жергілікті жұрт. Тіпті, қырғыздар бозаны әлі бесіктен белі шықпаған балаларына да беріп жатады. Осы орайда боза дайындаумен әрі сатумен шаруасын дөңгелетіп отырған қырғыз кәсіпкерлері мүфтияттың бастамасына өретүрегеліп қарсы шықты. Өйткені, боза саудасынан түсетін көл-көсір табыстан қағылғысы келмейді.




