Туу көрсеткіші өте төмен елде отбасын құратындарға мейлінше жағдай жасалуда
Туу көрсеткіші өте төмен елде отбасын құратындарға мейлінше жағдай жасалуда
3 ай бұрын 639 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Оңтүстік Кореяның Пусан қаласының бір муниципалды аймағында танысу мақсатында кездесу, ата-аналарымен тілдесу және отбасын құру жолындағы басқа да қадамдар үшін ақы төленеді. Бұл жайында islam.kz порталы korea.net ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Елдің демографиялық ахуалын көтеру мақсатында қабылданған бағдарламаның пилоттық жобасы әлеуетті жұптар үшін «Кездесу күнінен» басталады. Кездесуге келіскен еркек пен әйелдің әрқайсысы кәрістердің төл ақшасы бойынша 500 000 вон (шамамен 360 доллар) алады. Үйленуге бел буған жұптар «той сыйлығы» ретінде қосымша 20 миллион вон алады. Сондай-ақ, жас жұбайларға бес жылға дейін баспананы жалға алу ақысын төлеуге мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Талап бойынша 24 пен 43 жас (яғни, ұрпақ өрбіту қабілеті бар жастағылар) аралығындағылар аталмыш бағдарлама жүзеге асырылатын аймақта тұруы немесе жұмыс істеуі тиіс. Бағдырламаға қатысатындар іріктеу процесінен өтеді. Пилоттық бағдарламаға қатысушылар саны шектеулі болмақ және тек Корея азаматтары ғана өтініш бере алады. Дегенмен, бұл бағдарламаның болашақта шетелдіктерді де қамтуы мүмкін екені айтылған. Орайы келгенде Азияның оңтүстік-шығысында орын тепкен осынау таңғы шық елінде 2020 жылы күллі әлемде туудың ең төменгі деңгейі тіркелгенін айта кетпекпіз – туу кқрсеткішінің жалпы коэффициенті 0,84-тен аспады.

0 пікір
Мұрағат