Түркияны қандай қиындықтар күтіп тұр?
|
Солтүстік Атлант альянстың әскери комитетінің жетекшісі, чех генералы Петр Павел Түркияның Ресейден сатып алған С-400 зениттік зымыран кешенінің НАТО-ға қандай қауіп төндіретінін түсіндірді. Әрі түріктерге тағы бір мәрте ескерту жасағандай болды. Түріктерді райынан қайтару үшін. Генералдың сөзіне қарағанда, негізгі қауіп РФ билігінің Түркиядағы НАТО-ның ресурстары мен әскери мүмкіндігінен толық ақпарат алу мүмкіндігіне ие болуында жатыр. Петр Павелдің айтуынша, С-400 зениттік зымыран кешені НАТО-ның әуе қорғанысының құрылымына техникалық тұрғыдан кіріге алмайды. «Жүйенің маңызы деректер базасында, ол НАТО-ға мүше елдің аумағында жасалады»,- деп ойын тарқата түсті генерал. Осылай дей келе ол Түркиядағы НАТО ресурстарының (ақпараттық, техникалық, әскери, т.б.) ресейлік жүйеде картографияланып, тіркелетінін алға тартты. Түркия жерінде С-400 жүйесі іске қосылуы үшін ресейлік мамандар алдырылады. Олардың көмегінсіз түріктер аталмыш жүйені басқара алмайды. Сөз орайы келгенде айта кету керек, 2017 жылы Түркия Ресейден С-400 зениттік зымыран кешінінің төрт дивизионын 2,5 млрд долларға сатып алған болатын. Оның алғашқы легі 2019 жылдың соңы мен 2020 жылдың басында Түркияға жеткізіледі. Естеріңізде болса, түнеугүні АҚШ бастаған НАТО елдері Түркияға Ресеймен арадағы осы мәмілесі үшін санкция салатынын айтып, доқ көрсеткенін хабарлаған болатынбыз.