Кезінде КСРО шекпенінен шыққан авторирарлы елдердің кебін киген Түркия президенттік басқару жүйесіне көшіп жатыр. "Супер президенттік" жүйе қысқа мерзімді стратегияда өз-өзін ақтайтын жүйе болуы мүмкін, алайда, ол ұзақ мерзімді стратегияда елдің дамуына кедергі келтіретін жүйе. Түркияның қазіргі президентінің атына сын айтудан аулақпыз. Десек те, тілеулес ел ретінде бауырлас елдің әр қадамын қадағалап отырсақ, оның қандай айыбы бар. Ақталғандық емес, мәжбүрліктен айтып отырмыз бұл сөзімізді. Түркия тек бауырлас ел емес, сонымен қатар, тағдарлас елге айналды. Режеп Тайып Ердоған алғашқы жылдары билік басына келгенде Түркия экономикасы жақсы жағынан көрінді. Алайда, бұл жетістік Режеп Тайып Ердоғанның арқасында емес, кезінде талай жылға созылған Тұрғыт Өзалдың сауатты жүргізілген реформаларының жемісі болатын. Уақыт өте келе популизм жетегінде кеткен қазіргі түрік басшысының жан-жақты ойланбай жасалған қадамдарынан аталған елдің қаржы нарығы қиын кезеңге тап болып отыр. Бұл арада Режеп Тайып Ердоғанды біржақты айыптаудан аулақпыз. Бұған басқа да жанама факторлар себеп болып отыр. Алайда, бар жауапкершілік түрік басшысында. Сауатты стратегиялық қадам жасай алмағаны үшін. Өзіне сеніп тапсырылған ресурсты оңтайлы басқара алмағаны үшін. Бұрын да түріктердің ұлттық валютасының құнсызданып келе жатқаны турасында талай хабарлаған болатынбыз. Оның арты гиперинфляцияға ұласа ма? Әзірге Түркия бұдан алыс жатыр, бірақ, қазіргі қалыптасып отырған жағдай түбі соған апарып соқтырады. Бұл жайында Mike Mish Shedlock блогының авторы осындай пікір білдіріпті. Осы аптаның басында, дәлірегі, дүйсенбіде лираның долларға шаққандағы бағамы 7 пайызға құнсызданды, алдағы уақытта құлдырамаса, оңалмайды. Әсіресе, министрлер кабинетін жасақтау кезінде орын алған қаржы нарығындағы жағдай да бұған өз әсерін тигізіп отыр. Режеп Тайып Ердоғанның өз күйеу баласын елдің қаржы министрі етіп тағайындағаны, сондай-ақ, үкімет құрамына экономикаға жауапты белгілі саясаткерлерді енгізбеуі де көп нәрсені аңғартса керек. Инвесторлар түріктердің құнды қағаздары мен акцияларынан жаппай бас тартып жатыр. Нәтижесінде 2028 жылдың қазан айында өтелуі тиіс долларлық облигациялар бойынша табыс 6,8%-дан өткен аптада шамамен 7,15%-ға артқан. Мұның бәрі тұрғындардың өмірін қиындатады, өйткені, капитал нарығы, шын мәнінде, жабылып қалған. Бұл өз кезегінде валюта дағдарысына апарып соқтыруы мүмкін. Мұндай жағдайда валюта бағамының қатты құлдырауы үкімет пен жергілікті компаниялардың сыртқы қарызына кері әсерін тигізбек. Халықаралық валюта қорының келтірген дерегіне қарағанда, Түркия дамушы елдер арасындағы қарызы ең көп елдердің бірінен саналады - аталған елдің қарыз мөлшері жалпы ішкі өнімге шаққанда 53,4%-ға жеткен.
Коньюнктура жайлы болып тұрғанда жергілікті компаниялар миллиардтаған долларды қарызға алып алған еді. Бұл өз кезегінде өздерін де, ел экономикасын да девальвация орын ала қалған жағдайда қиын жағдайда қалдырады. Биыл лира өз құнының бестен бірін жоғалтты. Сөз орайы келгенде айта кету керек, инвесторлар мен алаяқтар президент сайлауы қарсаңында жемтікке таласқан құзғындай болып, қолдан төмендетілген бағамды пайдаланып қалған болатын. Режеп Тайып Ердоғанның жеңісіне ешкім күмән келтірген емес, алайда, оның Орталық банкті тәуелсіздігінен айыратынынан қауіптенген еді. Қауіптері расқа айналды. Режеп Тайып Ердоған жоғары пайыз ставкасын "зұлымдықтың барша атасы" атаған болатын. Осыған байланысты нарықта жүргендер президенттің Орталық банкке инфляция қысымымен күресуге бөгет жасайтынына алаңдаулы болатын. Дүйсенбіде түрік президентінің қадамы бұл қауіпті расқа айналдыруы мүмкін екенін растап бергендей болды: ендігі жерде тек президент қана Орталық банк басшысы мен оның орынбасарын өзі тағайындайды. Түріктердің ұлттық валютасының құнсыздануына экономикалық жағдаяттардан гөрі саяси жүрістер көп себеп болып отырғанын айта кету керек. Осы орайда тарихтан мынадай мысалдар келтіре кетсек, артық бола қоймас: екінші дүниежүізілік соғыста жермен-жексен болып жеңілген немістер репарацияны төлеу мүмкіндігі болмағандықтан, ақша басып шығаратын станокты іске қосқан еді, нәтижесінде гиперинфляция орын алды. Зимбабве премьер-министр Роберт Мугабе жерді халыққа беру үшін байлардан тартып алған болатын. Нәтижесінде елден капитал жылыстай бастады. Тұтас ел валюта секілді құлдырауға бет алды. Кедейлікпен күресу үшін Венесуэла президенті Уго Чавес пен Николас Мадуро халыққа арзан жанар-жағармайбергісі келді. Долларға шаққанда бұл елде жанар-жағармай тиын тұрады, алайда, мұндай бағаға жанар-жағармай таба алмайсыз. Қазір бұл ел негізгі себебі арзан жанар-жағармайды жатпаса да алапат дағдарысты бастан кешіруде. Түбі Ердоған Түркияны күйретіп тынуы мүмкін. Гиперинфляция орын ала қалған жағдайда көрші жатқан Грекия мен Еуропаға түрік босқындары ағылуы мүмкін.