Түркияда екпеден бас тартушылар көбейіп келеді
|
Түркияның микробиология және инфекциялық аурулар қауымдастығының жетекшісі, профессор Алпай Азап ел аумағында екпе салдырмаушылар қарасының жылдан жылға жылдам артып келе жатқанына алаңдаушылық білдіріп, дабыл қаға бастады. Ғалымның келтірген дерегіне қарағанда, баласына екпе салдырудан ат-тонын ала қашатын отбасылардың соңғы жылдары тым көбейіп бара жатыр. «2011 жылы мұндай отбасылардың саны бар-жоғы 183 болса, 2012 жылы – 387, 2013 – 913, ал 2014 жылы 1,370, 2015 -1,091, 2016 жылы 11 мың 470 отбасы екпе салдырудан бас тартқан. Өткен жылы, яғни, 2017 жылы ондай отбасылардың саны 23 мыңға жеткен". Бұл жайында түріктердің NewsTurk ақпарат көзі хабар таратты.Осылай дей келе маман екпенің аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы тұруға көмектесетін тиімді тәсіл екенін тілге тиек етті. Оның тиімділігі 95 пайызды құрайды. Десе де соңғы жылдары тек Түркияда ғана емес, сонымен қатар, біздің елімізіде де екпе салдыруға үрке қарайтындар шықты. Оған көбіне байланыс құралдары, соның ішінде, интернет арқылы тараған екпенің құрамы, зияндылығы туралы шыны қайсы, өтірігі қайсы, ажыратып жату мүмкін емес ақпараттардың тарауы себеп болып отыр.