|
Түркияда дәрігерлерге әлеуметтік желіде өз-өзін жарнамалауға тыйым салынды
|
Түркияның денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерге әлеуметтік желіде өзін немесе қызметін жарнамалауға тыйым салу шарасы көзделген ереже қабылдады. Бұл ереже талаптарын елемегендер қылмыстық іске дейін жауапкершілік қарастырылған. Бұл жайында islam.kz порталы mk-turkey ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жаңа құжатқа сәйкес бұдан былай әлемжеліде медицина қызметкеріне немесе медицина мекемесіне тікелей және жанама түрде өзін жарнамлауға болмайды. Енді дәрігерлер мен басқа да мамандарға өз қызметтерін ілгерілету мақсатында жұртшылықты жаңылыстыратын, өздерінің біліктілігі туралы жалған әсер қалдыратын немесе басқа клиникалар мен дәрігерлердің беделін түсіретін материалдарды жариялауға тыйым салынады. Бұдан басқа, медициналық қызметкерлер медициналық қызметтерді ілгерілету үшін демеушілермен ынтымақтаса алмайды немесе белгілі бір емхананы, қандай да бір өнімді немесе жабдықты басқаларынан артық етіп көрсетуге болмайды. Сондай-ақ, пациенттерді нақты дәрігерге немесе мекемеге бағыттайтын контентті жариялауға тыйым салынады. Ол ол ма, өздерінің емханасында емделген науқастарды пайдаланып, өздері туралы қоғамда жағымды пікір қалыптастыруға да тыйым салынады. Яғни, пациенттердің «қолымен от көсеп», олардың лебізін жариялауға тыйым салынады.