|
Түркия теледидарды қоса алғанда қалпына келтірілген элекронды бұйымдар айналымына қатысты ережені қатайтады
|
Түркия билігі пайдаланылған электронды құрылғылар нарығына бақылауды күшейтеді: сауда министрлігі дайындаған жаңа ереже жобасы теледидарларды қоса алғанда, қалпына келтірілген тауарлардың цифрлық есепке алудың неғұрлым қатаң талаптарын енгізеді. Бұл жайында islam.kz порталы mk-turkey ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қазіргі ереже смартфондарға, планшеттерге, смарт-сағаттарға, компьютерлерге, ойын консолдары мен модемдерге қолданылады, алайда, жаңа бастама тізімді теледидарлардың есебінен кеңейтеді. Қалпына келтірудің барлық процестері YÜBIS жүйесінде (қалпына келтірілген өнім туралы ақпарат жүйесі) тіркелуі тиіс, сатып алушыларға электронды сертификат берілетін болады. Жүйе авторизацияланған сатушылардың, қалпына келтіру орталықтарының қызметін, сертификаттау процестерін қадағалауға, сондай-ақ, құрылғылардың жоғалу немесе қолды болу себебін тексеруге мүмкіндік береді. Ақпараттың бір бөлігі тұтынушылардың өздеріне де ашық болады. Техниканы қалпына келтiруге лицензия алғысы келетiн компаниялар заңды тұлға ретiнде тiркелуi және құзыреттiлiк сертификатынан өтуi тиiс. Яғни, құзыретінің жететіні немесе жетпейтіні анықталатын болады. Бұл тараптағы тексеруден өткендеріне ғана сертификат беріледі. Пайдаланылған құрылғылардың құнын бағалау үш жұмыс күні ішінде, ал қаражатты төлеу немесе уәде берілген пайданы ұсыну тұтынушының келісімінен кейін жүргізілуі тиіс. Қиянаттың алдын алу үшін бір құрылғыны қайта қалпына келтіру алдында ең аз 30 күн интервал енгізіледі. Сонымен бірге, тұтынушылардың құқықтарын қорғау күшейтіледі: сату арнасына қарамастан 14 күн ішінде сатып алудан бас тартудың даусыз құқығы енгізіледі. Жаңа ереже ресми жарияланғаннан кейін үш айдан соң қолданысқа енеді. Түркия билігі екіұшты мақсатта немесе қос мақсатта қолдануға болатын электронды бұйымдар айналымын реттеу арқылы ұлттық қауіпсіздік (әскери және экологиялық) саласын жаңа регламентпен толықтырады.