|
Түркия шапшаң қартайып барады
|
Түркия статистика институтының (TÜİK) дерегіне сәйкес Түркия халқының орташа жасы 2024 жылға таман 34,4 жасқа жеткен, ал 2026 жылға қарай 35 жастан асады. Бұл жайында islam.kz порталы karar.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Түркияның, әсіресе, Синоп, Гиресүн және Кастамон сияқты провинциялар тұрғындарының орташа жасы 43-ке жеткен. Қысқа мерзімді келешекте еңбекке қабілетті жастағы адамдар санының өсуі тоқтамаса да, ұзақ мерзімді перспективада еңбекке жарамды жастағылар қарасы төмендейді. Мұндай демографиялық өзгеріс өз кезегінде экономикаға кері әсерін тигізеді. Халықтың қартаюына байланысты күтім бойынша медициналық, сақтандыру және әлеуметтік қызметтерге сұраныс артып, мемлекет қазынасына салмақ салады. Түріктердің орташа жасы өсіп келеді: келесі жылы бұл тараптағы көрсеткіш 35 жастан асады екен. TÜİK мәліметіне сай 2015 жылы орташа жас 31 болса, өткен 2024 жылы 34,4-ке жеткен. Бұл үрдіс осылоай жалғаса берсе, 2026 жылы орташа жас көрсеткіші 35-тен аспақ. Орташа жас дегеніміз не өзі? Хажетепе университетінің демографиялық зерттеулер институтының оқытушысы, профессор Мехмет Әлі Ерірт орташа жас елдің «жасын» анықтайтын маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірінен саналатынын атап өтті. Бұл көрсеткіш рет бойынша кішіден үлкенге дейінгі барлық тұрғындар тізімінің дәл ортасында тұрған адамның жасын білдіреді. Соңғы он жылда орташа жас екі жылда шамамен бір жасқа артып отырған. Бұл тенденция түрік халқының жедел қартайып келе жатқанынан хабар береді. Түрік әйелдері арасындағы орташа жас 35-тен асса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 33.7 жасқа жеткен. Болжам бойынша 2050 жылға таман орташа жас 45-ке жетеді.