Түркия рохиньялық мұсылмандарға гуманитарлық көмек жөнелтті
|
Түркияның халықаралық ынтымақтастық және даму агенттігі Мьянмадағы азшылықты құрайтын әрі буддашыл радикалдардан қуғын-сүргін көріп отырған рохиньялық мұсылмандарға киім-кешек, азық-түлік аттандырды. Бір ғана Ракхайн штатына екі мәрте гуманитарлық көмек аттандырған болатын. Әрқайсысында 600 000 тоннадан гуманитарлық жүк жөнелтілген. Рохиньялық мұсылмандардың дені әлі күнге босқындар лагерінде тұрып жатыр. Олардың 300 мыңға жуығы аштықтан өлудің алдында. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бүкіл әлемдік азық-түлік бағдарламасы оларға гуманитарлық көмек жөнелтуді қойған болатын. Бұл өз кезегінде жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Айта кету керек, Түркия гуманитарлық көмек көрсетуден әлем бойынша алғашқы орынға шыққан. 2013 жылдың өзінде бұл ел 4,3 млрд доллар мөлшерінде гуманитарлық көмек көрсеткен. Нақтырақ айтқанда, бұл көрсеткішті пайызға шағып, әлемнің қай аймағына қаншалықты көмек көрсеткенін былай өрнектеуге болады: Таяу Шығыс елдеріне – 55,9 пайыз, Африкаға – 24,7%, Оңтүстік және Орта Азияға – 15,3%, Балқан түбегіне – осы мөлшерде, яғни, 15,3%, Шығыс Еуропаға – 3,1%.