|
Tүркия онлайн: Ел интернет тұтыну уақыты бойынша әлемде көш бастап тұр
|
KAZINFORM — Түркия жаһандық көрсеткіштерді басып озып, интернетті өмірдің, қарым-қатынастың және контент тұтынудың негізгі ортасына айналдырады, деп хабарлайды Анкарадағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркия интернеттегі ең белсендi ел ретiнде танылды. Global Digital Report 2026 жаңа деректерi тұрғындардың аптасына 41 сағат 37 минутты интернетте өткізетiнiн көрсетті. Бұл 33 сағат 27 минуттық ғаламдық орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары.
Шын мәнінде, Түркия тұрғындары аптасының төрттен бiр бөлiгiн интернетте өткізедi. Әлеуметтiк желiдегi белсендiлiк ерекше. Пайдаланушылар аптасына шамамен 25 сағатты интернетте өткізедi, бұл ғаламдық орташа көрсеткіштен айтарлықтай асып түседi.
Әсіресе елде Instagram ең танымал платформа, оған пайдаланушылар тәулігіне екi сағатқа жуық уақыт жұмсайды. YouTube 1 сағат 28 минут, ал TikTok пайдаланушылары күн сайын шамамен 1 сағат 25 минут уақыт жұмсайды.
2025 жылдың күзіне қарай әлеуметтік медиа пайдаланушыларының саны 62,3 миллионға жетті — бұл ел халқының 70%-дан астамы.
Сарапшылар бұл көрсеткіштерді жастардың жоғары үлесімен, мобильді интернеттің қолжетімділігімен және цифрлық қызметтердің танымалдылығымен байланыстырады.
Біз бұған дейін Түркияның 5G стандартына ресми түрде көшу арқылы цифрлық инфрақұрылымын дамытуда маңызды қадам жасағанын хабарлаған болатынбыз.
Еркежан Смағұлова
Түркиялық жасөспірімдердің 82%-ы онлайн өмірін ата-анадан жасырады
KAZINFORM — Түркияда жасөспірімдер арасында онлайн өмірі ата-ана бақылауынан тыс қалатын ұрпақ өсіп келе жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Радио және телевизия жоғарғы кеңесінің (RTÜK) мәліметінше, жасөспірімдердің шамамен 82%-ы әлеуметтік желілерде «жасырын» аккаунттарға ие — олардың бар екенін, тіпті, ең жақын адамдары да білмейді.
Зерттеу 15-тен 21 жасқа дейінгі 7,5 мың респондентті қамтып, 26 провинцияда жүргізілген. Нәтижелер медиақолданудағы елеулі өзгерісті көрсетеді. Дәстүрлі теледидар өз позициясын жоғалтып барады, себебі жасөспірімдер күніне орта есеппен 40 минут қана теледидар көреді, ал әлеуметтік желілерде орташа есеппен 3,5 сағат өткізеді.
Негізгі цифрлық платформалар — Instagram, TikTok және YouTube, онда жасөспірімдер қарым-қатынас орнатып, көңіл көтеріп, өзін-өзі көрсету арқылы жеке және қоғамдық кеңістіктің шекараларын айқындайды. «Жасырын» аккаунттар өз бостандығын сақтау, ата-анадан белсенділікті жасыру және тұлға ретінде өзіндік эксперимент жасау құралына айналып отыр.
Алайда зерттеу кейбір алаңдататын тенденцияларды көрсетті. Қатысушылардың 40%-дан астамы орташа немесе төмен цифрлық сауаттылыққа ие, яғни жасөспірімдердің көпшілігі контентті сыни тұрғыдан бағалай алмайды, жеке деректерін қорғай алмайды және қауіп-қатерді дұрыс бағалай алмайды.
Бір қызығы, жас пайдаланушылар өздерінің проблемасын түсінеді. Зерттеуге қатысқандардың 88%-ы орташа есеппен 16 жастан бастап әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізу қажеттігін атап өткен. Бұл — белсенді цифрлық аудиторияның реттеуді қолдайтыны сирек кездесетін жағдай.
Бұдан бұрын Түркия интернет тұтыну уақыты бойынша әлемде көш бастап тұрғанын жазған едік.
Айнұр Тумакбаева