Түркия мен БАӘ арасындағы экономикалық ынтымақтастық тереңдейді
|
Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктері таяу бес жылда екі елдің арасындағы сауда айналымын 40 млрд долларға жеткізуді көздейтін экономикалық серіктестік туралы келісімге келді. Бұл жайында islam.kz порталы түрік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл бағыттағы келісімге БАӘ-нің сыртқы сауда-саттыққа жауапты мемлекеттік министр Тани бен Ахмет әз-Зәйуд, БАӘ экономика министрі Абдолла бен Тук әл-Мари және Түркияның сауда министрі Мехмет Мұш қол қойды. Осы орайда БАӘ мен Түркия арасындағы жан-жақты экономикалық серіктестік келіссөздері Әбу-Дабидің сол кездегі мұрагер ханзадасы және Әмірлік қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммедтің 2021 жылдың қараша айында Анкараға сапарынан кейін көп ұзамай басталғанын айта кету керек. Бұл сапар БАӘ үкіметі өкілінің 2012 жылдан бері Түркияға алғаш рет өткен жоғары деңгейдегі сапары болды. Осыдан кейін БАӘ Түркия экономикасына 10 миллиард доллар инвестиция құйды. Өткен жылы аталған елдер арасындағы тауар айналымы 18,9 миллиард долларға жетті, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Бүгінде Түркия БАӘ-нің экономиканың шикізаттық емес секторындағы алтыншы сауда серіктесі болып табылады.