Түркия билігі ресейлік зымыранды қандай мақсатта қолданатынын мәлімдеді. Бірақ...
|
Естеріңізде болса, соңғы уақытта қазіргі Түкрияның батыс елдерінен іргесін аулақ сала бастағаны турасында, нақтырақ айтқанда, билік басына "Әділет және даму" партиясы келгелі бері батыс пен Түркия арасы салқындай бастағаны жөнінде және осы тақырыпта талай хабар таратқан едік. Батыс елдерімен жұлдызы жараспайтын Ресеймен жақындасуы Түркияның батыс елдерінің қас-қабағына қарамай өз бетінше батыл әрекетке көшкенін көрсетіп бергендей болды. Жақша ішіне алып айта кетеріміз, Түркия тек батыс елдерінің ыңғайына жығылып келген екен деп үстірт ұғып қалмаңыздар. Бар-жоғы барынша дербес саясат жүргізуге көшкенін аңғарамыз. Бұған Түркияның Еропалық Одаққа кіруге талпынысының зая кеткені, жарты ғасырға жуықтаған келіссөздің нәтиже бермегені түріктердің төзімін тауысқан еді. Түркияның Солтүстік Атлант альянсының құрамында болуының өзі батыс елдерінің бақай есебінен шаққанын айта кету керек. КСРО секілді алып державаның ықпалын кеміту мақсатында Түркияның НАТО құрамына енсе де, түріктердің де өз есебі болғанын айта кету керек. Бұл басқа тақырып болғандықтан кеңінен тоқталып жатпаймыз. Соңғы уақытта Түркия билігінің Ресейден С-400 зениттік зымыран кешенін сатып алғаны және осы мәмілесі үшін батыс елдерінің қырына іліккені, тіпті, Түркияға санкция салынуы мүмкін екені турасында талай хабар таратқан едік. Алайда, Түркия АҚШ бастаған батыс елдерінің бұл қоқан-лоққысына қынған жоқ. Яғни, райынан қайтпайтынын Түркия сыртқы істер министрі Мәуліт Шаушоғлының мәлімдемесінен де аңғаруға болады. Ол Ресейден сатып алынатын зымырандарды тек қорғаныс мақсатында ғана қолданатынын жеткізді. Осыған қатысты жасаған арнайы мәлімдемесінде. Кейінгі кезде Сирия жеріндегі күрд лаңкестеріне қарсы Түркия жүргізіп жатқан "Зәйтүн бұтағы" әскери жорығы секілді операцияларда ресейлік зымырандарды қолданбайтынын шегелеп тұрып жеткізді. Осылай дей келе елдің сыртқы саясатына жауапты түрік министрі НАТО құрамындағы өзге елдердің солтүстік атлант альянсындағы мемлекеттермен санаспай НАТО-ға қатысы жоқ басқа елдерден қару сатып алатынын, алайда, Түркияның мұндай қадамға баруына барынша тосқауыл қоятынын айтып, реніш білдіргендей болды. Десе де мынаны айта кету керек, Түркияның сатып алып отырған қаруы НАТО құрамындағы өзгелердің сатып алған қаруына мүлдем ұқсамайды. Бұл - біріншіден. Екіншіден, батыс елдерінің ежелден бітіспес жауы Ресейден сатып алғаны тағы бар, кей сарапшылар Түркияның сыртқы саясатта елдің болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін қате қадам жасағанын алға тартып отыр. Сондай-ақ, Түркия ресейлік зымырандарды тек қорғаныс мақсатта қолданатынын мәлімдеді. Алайда, дәл қазір әскери қуаты кемеліне келген Түркияға қауіп төндіріп тұрған ел жоқ. Түркия билігінің бұл қадамы батыс елдеріне қыр көрсетуге көбірек ұқсайды.