Түркия АҚШ-тағы алтын қорын елге тасып жатыр
|
Түркияның Орталық банкі бұрын АҚШ-тың федералды резерв жүйесінде сақталған алтын қорын қайтарды. Бұл жайында әзірбайжандардың Trend ақпарат агенттігі хабар таратты. Аталған ақпарат көзі келтірген дерекке сенсек, АҚШ-тың федералды резерв жүйесінде Түркия Орталық банкісінің 220 тонна алтын қоры болған. Ziraat және Vakifbank деп аталатын түріктердің тағы екі қаржы мекемесі АҚШ-та сақтаулы тұрған өздерінің алтын қорын қайтаруға кіріскен. Аталған екі банктің америкалық қаржы-несие мекемесіндегі "алты активі" 95 тоннаға жетіп жығылады. 2018 жылдың наурыз айындағы мәлімет бойынша, Түркия Орталық банктің алтынмен сақталған қоры 25,3 млрд доларға бағаланып отыр. Түркия неге мұндай қадамға барды, яғни, АҚШ-тағы алтынын неге қайтарып алды деген сауалға сарапшылардың қайтарған жауабы мынадай: біріншіден, Түркия мен АҚШ арасындағы қатынасқа сызат түсті, екіншіден, Түркияның ішкі нарығындағы жағдай мәз емес: түріктердің ұлттық валютасы, яғни, лира доллар бағамына шаққанда құнсызданып барады, Түркияда ағымдағы шоттағы қаражат тапшылығы өсуде, инфляция қарқын алып келеді.