Түркия алғаш рет отандық тікұшағының алғашқы партиясын шетелге сатты (видео)
|
Соңғы жылдары ұлт қауіпсіздігінде стратегиялық маңызға ие қорғаныс саласын мықтап күшейтуге кіріскен Түркияның отандық әскери техникаларына шетелден сұраныс пайда болып келеді. Бұл жайында islamkz порталы түріктердің Daily Sabah ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауына байланысты соғыста ұшқышсыз ұшатын соққы беруші Байрактарды былай қойғанда, әуеден соққы беруге арналған отандық тікұшақты сатып алған алғашқы ел пайда болды. Түріктердің АТАК деп аталатын, біреуінің құны 200 млн долларға бағаланған тікұшағының екі данасы Филиппинге, дәлірегі, оңтүстік-шығыс Азиядағы аталған елдің Хесус Уилиамор авиабазасына жеткізілді. Түркия тарапы алдына ала келісім бойынша аталған тікұшақты басқара алатын ұшқышты және Филиппиннің әскери әуе күштерінің техникалық қызмет көрсететін персоналын дайындады. 2020 жылы қол қойылған қорғаныс контрактісіне байланысты Филиппин Түркияның АТАК соққы беруші ұшағының алтауын сатып алады. T129 ATAK тікұшағы италиялықтардың Agusta A129 Mangusta ұшағының негізіне құрастырылған. Аталмыш ұшақ Түркия қарулы күштерінің негізгі арсеналына жатады. Түріктердің TAI компаниясының білікті мамандары оны ыстық климат пен таулы аймаққа бейімдеп жетілдірген, соның ішінде түріктердің өзі өндірген авионикамен жабдықталған. T129 ATAK тікұшағы Түркияның әскери әуе күштерінде 2014 жылдан бері қоданылып келеді. Осы уақыт аралығында өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерген. Ұшу жылдамдығы сағатына 269 шақырымға жететін аталмыш тікұшақ алғаш рет әуеге 2009 жылдың қыркүйек айының 28-і күні көтерілген болатын.