|
Түркия әлеуметтік желі пайдаланушыларының жеке басын анықтау процедурасын міндетті етеді
|
Түркияда әлеуметтік желіде тіркелу үшін нақты жеке мәліметтерін пайдалануды міндеттейтін жүйе қолданысқа енгізілейін деп жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде әділет министрі Ақын Гүрлектің мәлімдемесіне жөн сілтеген mk-turkey ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл арада аккаунтты жасырын басқарудан немесе бүркеншек аттан толық бас тарту турасында сөз болып отыр. Министрдің айтуынша, бұл тарапта елдегі аса ірі платформа қожайындарымен аталмыш мәселе бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздер аяқталуға жақын. Енді жаңа ереже талаптарына сәйкес әлемжеліге кіргісі келгендер міндетті түрде өзінің жеке басын растауы тиіс. Билік мұндай қадамға әлемжелі пайдаланушыларының цифрлы кеңістіктегі әрекетіне бақылау орнату үшін емес, олардың жауапкершілігін күшейту үшін барып отыр. Бұдан бөлек, қоғамды бекер дүрліктіретін, түрлі қауесетке түрткі болатын, қандай да бір алауыздық пен араздыққа себеп болатын жалған немесе бұрмаланған ақпараттармен күресу үшін де осындай шараны қолға алып жатыр. Кейінірек жасырын және белсенділігі жоқ аккаунттарды немесе талапқа сай келмейтін аккаунттарды жабатын болады. Бұл тараптағы заң қабылданғаннан кейін пайдаланушыларды тексеруге арналған техникалық инфрақұрылым құрылады. Ел аумағында жұмыс істейтін платформалар жаңа ережелердің орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты жеке шаралар пакеті әзірленуде. Атап айтқанда, 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу, ал осы жастан ересек пайдаланушылар үшін бақылау тетіктері күшейтілген жеке цифрлық ортаны құру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Компаниялар жасын тексеру жүйесін енгізуге, сондай-ақ ата-аналарға аккаунттарды басқару, пайдалану уақытын шектеу және ақылы функцияларды бақылау үшін құралдар ұсынуға тиіс болады.