Түріктердің қару құрастыратын Canik фирмасы британиялық қорғаныс компаниясын сатып алды
|
Әлем бойынша қару-жарақ құрастырудан алдыңғы орыннан көрінетін түріктердің Canik фирмасы британиялық AEI Systems жетекші қорғаныс компаниясын сатып алуға қатысты мәмілеге қол жеткізгенін жария етті. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Өткен жылдың желтоқсан айында бұл тараптағы мәмілені британ билігі мақұлдаған болатын. «Canik үшін қорғаныс өнеркәсібінде жетекші елдермен ынтымақтастық орнату маңызды. Біз Ұлыбританиядағы өндірістік зауытымызбен, Флоридадағы (АҚШ) және Түркияның солтүстігіндегі Самсун провинциясындағы төрт кәсіпорынымызбен үлкен экожүйені қалыптастырдық», деп мәлімдеді аталмыш фирма қожайыны Зафыр Арал. Canik фирмасы негізінен тапанша, пулемет, ақылды брон өндіреді. «Осы серіктестік арқылы Canik компаниясының өндірістік қуаты артады, соңғы технологияларды қолдану мүмкіндігі кеңейеді, Unirobotics қашықтан басқарылатын қару стансалары және AEI Systems компаниясының орташа калибрлер саласындағы білімі біріктірілді», - делінген компания хабарламасында. Хабарда Түркияда да, Америка Құрама Штаттарында да жаппай өндірілетін қарулардың құрлық, әуе және теңіз платформаларында қашықтан басқарылатын қару жүйелерінде (RCWS) қолданыла алатыны атап көрсетілген.