Түнде тамақ жеу есте сақтау қабілетін төмендетеді
|
Бұған дейін талай зерттеулер жүргізіліп, түнгі уақытта тамақ жеу адамға артық салмақ қосатыны және сусақ (диабет) дертіне соқтыруы ықтимал екендігі айтылып келген. Бұл жолы АҚШ-тың Калифорния университетінің ғалымдары бұл әдеттің мүлде басқа біз білмей келген тағы бір зияны бар екенін анықтаған. Бұл жайында Baq.kz порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Белгілі болғандай, мезгілсіз уақытта және тым кеш тамақ жеу адамның есте сақтау қабілетіне кері әсерін тигізеді екен.
Оны ғалымдар былай түсіндіреді: адамның 24 сағатқа бейімделген биоритмі бар. Сондықтан түнгі уақытта адам ағзасы тынығуға, демалуға өзін бейімдеп тұратын көрінеді. Осы кезде асқазанға ас түссе, ол соны қорыту үшін өз биоритмін өзгертеді. Соның кесірінен ұйқы уақыты кейінге шегеріледі. Бұл өз кезегінде адамның бұрынғы өткен уақыттарда болған дүниелерді есте сақтауға жауап беретін ми бөлігіне күш түсіріп, ол өз қызметін жөнді атқара алмайды. Міне, осылайша адам көп уақыт бұрын, кейде жуық арада болған кей жайттарды есіне түсіре алмай қиналатын көрінеді.
Ғалымдар осы ғылыми жаңалық ұйқысыздық дертіне шалдыққан адамдарға пайдалы болуы мүмкін деп отыр. Олар осы дерттен зиян шегіп жүрген жандардың тамақ ішу уақытын реттеу арқылы оларды ұйқысыздықтан емдеп көрмек.