|
Түйе – Сомали экономикасының драйверіне айналып келеді (видео)
|
Африка құрлығының оңтүстік-шығысында орын тепкен, жағасын Үнді мұхитының суы мен Аден шығанағының суы шайып жатқан Сомалиде ойсылқара тұқымы еркін далада емес, арнайы фермаларда бағылады. Мал дәрігерлерінің бақылауында болады. Бұл жайында islam.kz порталы Africanews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Хабарға қарағанда, бір түйеден күніне 10 литрге дейін сүт алуға болады. Бұл көрсеткіш сиырдан сауылатын сүттің мөлшерінен екі есе жоғары. Сомалиліктер түйе сүтінен түрлі өнімдер әзірлейді. Сосын жергілікті нарықта саудаға шығарылады. Түйе сүті сиыр сүтінен артықшылығы – лактоз аз әрі құнары жоғары, яғни, қоректік заттарға бай. Сомали аумағында бүгінде 7 млн-нан аса түйе бар. Сомали түйе саны бойынша әлемде алдына қара салмаған ел. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мал шаруашылығының маңызы зор бұл елде. Халқының көп бөлігі, дәлірегі, еңбекке жарамды тұрғындарының 8о пайыздайы мал шаруашылығымен айналысады. Сомали экспортының 80 %-ы мал шаруашылығы өнімдерінен (ет, сүт, тері) түседі.