ТӨЛҚҰЖАТТАН «ДІН» ТАРАУЫН АЛЫП ТАСТАУДЫ ҰСЫНДЫ
|
Египет парламенті ел азаматтарының төлқұжатынан «дін» тарауын алып тастау бойынша заң жобасын қызу талқылауда. Аталмыш заң жобасы авторларының айтуынша, бұл құжат Египет қоғамында діни сенімге қатысты кемсітушілік деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Ал аталған заңға қарсы тарап "ондаған жылдан бері елде орнаған тәртіп пен жағдайдың бұзылуына алып келеді" дегенді алға тартады. Айта кету керек, бүгінде Мысырда 16 жасқа толған барлық азаматтар діни сенімі көрсетілген төлқұжат алуы міндетті. Аталмыш құжатсыз азаматтар оқу тапсырып, жұмысқа тұруына, көлік жүргізу куәлігіне қол жеткізуіне немесе балаларын мектепке, балабақшаға беру құқынан айырылады. Заң жобасы авторлары азаматтардың діни сенімін сұрауды заң тұрғысынан тоқтату керектігін, бұл тек қана некелесу, мұрагерлік алу мәселелерінде ғана қарастырылуы тиістігін айтады.