Тибеттік мастиф клондалып, Қытайда сатылатын болды
Тибеттік мастиф клондалып, Қытайда сатылатын болды
10 жыл бұрын 5632

Қытайдың Boya Life компаниясы мен  Оңтүстік Кореяның  SooAm Biotech Research Foundation биотехнологиялық зерттеу қоры таза қанды тибеттік мастифті клондайтын әрі оны Қытай нарығында өткізуді жоспарлайтын біріккен кәсіпорын құратын болды. Кәсіпорынның атауы әзірге коммерциялық құпия болғандықтан айтылған жоқ. Бір белгілісі, аталмыш компания Шаньдун провинциясына қарасты Вэй хай қаласында орналасады. Бұл жайында әлемге әйгілі «Синьхуа» ақпарат агенттігі хабар таратты.  

Тибеттік мастиф – әлемде ең қымбат ит тұқымы. Пайданың көзін білетін пысықайлар хайуанның осынау түрін клондау арқылы табыс тапқысы келеді. Бұл сөзіміз жалаң әрі дәйексіз болмас үшін мынадай мысалды келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: үстіміздегі жылдың наурыз айында тибеттік мастиф тұқымына жататын бір жылға толған, бойы 80 сантиметрге жеткен әрі салмағы 90 келі тартқан күшікті құрылыс бизнесінің көрігін қыздырып жүрген Циндао қаласының алпауыты 2 млн долларға сатып алған. Сондай-ақ, жирен түсті күшік 1 млн долларға сатылған. Әдетте мұндай тұқымды иттердің күшігін қытайдың бай-бағландары сатып алады. Тибет мастифі арыстанға ұқсайды. Ертеде осынау ит тұқымы монастырларды күзеткен көрінеді.

 

0 пікір
Мұрағат