Тек қажыларды тасымалдайтын жаңа әуе компаниясы құрылады
|
Өзбекстанда қасиетті сапарға аттанатындарды діттеген жеріне жеткізіп салатын әрі елге алып қайтатын жаңа әуе компаниясы құрылатын болды. Осы мақсатта құрылатын «Hidaya Airlines» әуемен тасымалдаушы компания Өзбекстанның дін істері жөніндегі комитетпен, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасымен және саудиялық «Hidaya Global Groups» компаниясымен бірлесіп әрекет ететін болады. Яғни, аталмыш әуе компаниясы аталған мекемелермен қызметін өзара үйлестіріп, қажыларға қызмет көрсетеді. Бұл жайында centralasia.media ақпарат көзі өзбек премьер-министрінің орынбасары әрі туризмді дамыту жөніндегі мемлкеттік комитет жетекшісі Әзіз Әбдіһакімге сілтеме жасай отырып хабар таратты. Жаңа әуе компаниясы Ұмра (кіші қажылық) және Үлкен қажылық үшін Саудияға тікелей әуе рейсін тұрақты жүзеге асырады. Сондай-ақ, Өзбекстан аумағын арқылы қасиетті сапарға аттанған Индонезия, Үндістан, Малайзия және Бангладеш мұсылмандарына да қызмет көрсетеді. «Болашақ Азия» деп аталатын телеарнаның келтірген дерегіне қарағанда, биыл қажыларды қажылыққа тек отандық әуе компаниялары тасымалдайтын болады.