Таяу Шығыс бұрынғыдай АҚШ-қа емес, неге Қытайға бәс тігіп отыр
Таяу Шығыс бұрынғыдай АҚШ-қа емес, неге Қытайға бәс тігіп отыр
5 жыл бұрын 3381 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қытайдың Таяу Шығыстағы саясаты геосаяси мәселелерге емес, энергетика мен экономикаға бағдарланған. Әлемдегі ең тұрақсыз аймақтардың бірінен саналатын Таяу Шығыстағы қалыптасқан күрделі саяси ахуалды пайдаланған Қытай осылайша ең негізгі стратегиялық экономикалық мүддесін жүзеге асыруда. Қытай мен Таяу Шығыс елдерінің арасындағы қатынас пен ынтымақтастық экономикалық мәселелер ауқымынан шығып, қорғаныс саласына да ойысып барады. Бұдан бөлек, Саудия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде қытайдың жұмсақ күші артып келеді – аталған араб елдерінің білім беру бағдарламасына қытай тілі енгізіліп жатыр. Аталған екі араб елі де батыста кеңінен талқыланып жатқанына қарамастан Қытайдағы азшылықты құрайтын мұсылмандар басындағы жағдайға көз жұма қарап отыр. Мынадай сауалдың шеті қылтияды: Таяу Шығыс елдері неге Қытайға бәс тігіп отыр? Әдетте АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жақын одақтасы саналатын Саудия да Қытайға құшағын ашуының астарында не жатыр? Тарихқа сәл шегініс: араб елдері коммунистік режим үстемдік еткен қытайға аса сақтықпен қарап келген. Тек, өткен ғасырдың 80-ші жылдары ғана дипломатиялық қатынас орната бастады. АҚШ-тың жақын одақтасы саналатын Саудия да, Біріккен Араб Әмірлігі де, Мысыр да Қытаймен ауқымы кең, маңызы зор стратегиялық әріптестікке қол қойған елдер. Мұның бәрін неге тәпіштеп баяндап отырмыз? Қытай қандай да бір альянс пен одаққа қатысты ұстанымының өзгеше екенін көрсетіп беріп отыр. АҚШ-пен салыстырғанда Қытайдың аталмыш аймақтағы рөлі жоғары емес. Десе де қытай Таяу Шығыстағы қордаланған саяси жағдайлардан өзін сырт ұстап, айналып өтеді. Мәселен, Израил-Палестина жанжалы, Сирия дағдарысы, т.б. Қытай Таяу Шығыстағы инвестициясын қорғаумен, экономиалық жобаларын жүзеге асырумен ғана шектеліп қалып отыр. Іздегенге – сұраған, арабтардың монархиялық биліктері де өздерінің билік ету құқығын экономикалық реформалармен, бастамалармен, жобалармен, т.б. бекіту үшін қытаймен стратегиялық әріптестік орнатуға мүдделі. АҚШ тарапы араб монархтарына мұндай мүмкіндікті беруден гөрі саяси жүрістерімен қауіп төндіріп отыр. Аймақтағы тыныштық пен тұрақтылықты шайқау арқылы. Естеріңізде болса, 2011 жылы күллі араб әлемін шарпыған «араб көктемі» секілді бұқаралық толқулар араб монархтарының батыстық әріптестеріне секеммен қарауға итермелеп отыр. Қытайдың жоғарыда сөз еткеніміздей, қандай да бір альянс пен одаққа қатысты ұстанымының өзгеше екенін мынадан да байқауға болады: парсылармен арасы жақсы емес арабтармен де, арабтарды ата жауындай көрген, АҚШ салған санкция астында сансыраған ирандықтармен де тіл табысып отыр. Өз экономикалық мүддесін алға шығарып. Қытай осылайша Таяу Шығыста қалыптасқан күрделі саяси ахуалды өз пайдасына жаратып отыр. Бұдан бөлек, АҚШ-пен салыстырғанда Қытайдың Таяу Шығыс елдерінің арасында өзіне ең жақын тұтқан бірде-бір ел жоқ. Бұл фактор да Қытайдың ең алдымен өзінің экономикалық мүддесімен қабысып жатыр. Осы айтылғандардан бөлек, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның пәрменімен Стамбұл шаһарындағы Саудия елшілігінде оппозиционер тілші Жемал Қашықшының қастандықпен өлтірілуіне байланысты адам құқығын алға тартып шыға келетін батыс жұрты аттандап, өретүрегелген болатын. Батысқа қыр көрсеткен тақ мұрагері Қытайға сапар жасады. Иә, Қытай демократияны жалаулатқан батыс елдері секілді емес, тотолитарлық режим арабтардың авторитарлы елдерімен қолайлы қатынас орнатты.

0 пікір
Мұрағат