Таяу Шығыс бұрын-соңды болмаған алапат соғыс қарсаңында тұр
|
Мұнайы басына сор боп жабысқан аталған аймақтың тынышы баяғыда-ақ қашқан. "Көретіні әлі алда" деп отыр сарапшылар. The National Interest мерзімді басылымының сарапшылары Таяу Шығыс аймағындағы саяси ахуалды саралай келе келесі жылы Иран мен Израил арасында соғыс басталатынын алға тартып отыр. Иран соңғы уақытта белсенді әрі нақты әрекеттерге көшкен. Нақтырақ айтқанда, аталмыш мемлекеттің Күзетшілер корпусының сарбаздары Сириядағы ұрыс қимылдарына қатысып, әлемнің көптеген елінде террористік ұйым ретінде танылған «Хезболла» саяси әрі әскери тобына қолдау көрсетіп отыр. Әлбетте, Иран аймақтағы жетекші держава мәртебесіне ұмтылып отырған, тарихи әрі мәдени мұрасы бай мемлекет ретінде өз шекарасында болып жатқан саяси оқиғаларға көз жұмып қарай алмайды. Аймақтағы өз мүддесін қорғау үшін әскери қимылдарға дейін барады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, осы айдың бірінші жартысында Иран мен Израил қарулы күштері тікелей қақтығысып қалған болатын. Дәлірегі, израилдік жасақ өз аумағында ирандық ұшқышсыз ұшатын аппаратты қолға түсірген болатын. Осыған байланысты израилдіктер Иранның қарулы күштеріне соққы берген еді. Есесіне, сириялық әуе қорғаныс күші израилдіктердің F-16 ұшағын атып түсірді. Егер мұның арты бейбіт шешілмесе, саяси жанжал екі елдің соғысына ұласады. Сондай-ақ, Иранның түйткілге айналған ішкі мәселесі оң шешімін таппаса, елдің экономикалық-әлеуметтік мәселесін шеше алмаған билік соғысқа жол беруі әбден мүмкін. Өйткені, Иран билігі осы уақытқа дейін бар ресурсын, саяси күш-жігерін аймақтағы өз ықпалын сақтап қалуға жұмсағандықтан оны ішкі мәселелердің ушығуына байланысты зая кетпеуіне күш салып, яғни, осы уақытқа дейінгі саяси жүрістерін ақтау үшін әлгіндей қатерлі қадамға бармақ.