|
Тату салынған теріні кесіп алып, ескерткішке қалдыруды ұсынды
|
«Естімеген – елде көп», америкалық «Save My Ink» компаниясы өз клиенттеріне туыстарына өзінің татурировкасын мұраға қалдыруды ұсынды. «The Daily Mirror» ақпарат көзі хабарлағандай, денесіне тату салынған адам өзі өлгеннен кейін туыстарына немесе өзі қалаған адамға тәніндегі суретті немесе бейнені мұраға қалдыра алады. Тәнін инемен піспектеп, сурет салдырған адам өзі өлген соң оның туыстары сол тату салынған жерін (терісін) кесіп алуға құқылы болады. Тату салынған теріні өлген адамның тәнінен кесіп алғаннан кейін бүлінбесі үшін оны арнайы химиялық ерітіндіге салып, мұраға қалдырылған адамға табыстайды. Бұрын қаржы саласында жұмыс істеген, аталмыш компанияның іргетасын қалаған алпысты алқымдаған Чарльз Хэмнің (Charles Hamm) айтуынша, мұндай қызмет түрі өткен аптадан бері көрсетіле бастаған. Осы уақыт аралығында бұл компания 21 татуировканы кесіп алып, сақтап қойған. Өзіне мұндай ойдың келуіне мына жағдай себеп болған екен: өзінің тәніне сурет салдыру үшін шамамен он мың доллар жұмсаған. Осынша қыруар қаражатқа келген «дүние» өлген иесімен бірге көр ішінде босқа шіріп кетпеуі керек. «Сіз ешуақытта Пикассоның туындыларын немесе кез келген өнер туындысын отқа жақпайсыз ғой, өйткені, сіз оған қаншама қаражат жұмсадыңыз. Сіздің татуировкаңыз – өзгеше тарихы бар өнер болып табылады, бар айырмашылығы – басқа «кенепте» салынған»,- деп көсіліпті сабазың. Татуировканы Save My Ink компаниясымен келісімшартқа отырған адамдар ғана мұраға қалдыра алады. Аталмыш компанияның мәйітті қорлауға негізделген бұл қызметін пайдаланғаны үшін тіркеу жарнасына 115 доллар төлейді және жыл сайын 60 доллар мөлшерінде жарна тағы төлейді. Татуировкасы бар және онысын мұраға қалдырып кеткісі келген адам өлген жағдайды туыстары оның қазасын аталмыш компания қызметкерлеріне 18 сағаттың ішінде хабарлауы тиіс. Компания өкілдері 60 сағаттың ішінде өлген адамның терісінен татуировкасы бар жерді кесіп алуы керек. Шарты сондай. Тағы бір шарты: өлген адамның көзі тірісінде мұраға қалдырып кеткісі келсе де, адамның бетіне және жыныс мүшесіне салынған татуировка алынбайды. Естеріңізге сала кетейік, асыл дінімізде адамның тәніне сурет салдыруға тыйым салынған.