Таразы тасынан ауыр Қытай жобасы таразы басын тең ұстай ала ма
|
Әдетте ақырын басып, асықпай арбамен қоян алуға машықтанған ханзулар соңғы жылдары әлемнің әр түкпірінде экономикалық белсенділігін арттырып келеді. Олардың асығатындай да жөні бар: әсіресе, қазіргідей жаһандану заманында уақыт бір орнында тұрмайды, геосаясаттағы қатаң бәсекелестік пен бақталастық ұдайы дамуды, тың жобаларды қажет етеді. Әлемге әйгілі Жібек жолын жаңғырту арқылы Қытайдың ұтары көп. Тек саудада ғана емес, геосаясатта, мәдени экспанцияда, т.б. аспектілерде Қытай прагматизмі салтанат құрады. 2020 жылға қарай Қытай билігі "Бір жол - бір белдеу" ғасыр жобасына қатысушы елдерге 25 млрд-тан аса қаржы құятын болды. Бұл 2014 жылғы инвестиция деңгейімен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Бұл жайында Commerzbank AG есебінде айтылған. "Бір жол - бір белдеу" бастамасы аясында 2016-2017 жылдары Қытай 450-ге тарта мәміле жасасқан. Олардың жалпы құны 2016 жылы 120 млрд долларға жетсе, 2017 жылы 60 млрд долларды құраған еді. Алайда, "Бір жол - бір белдеу" бастамасы аясындағы мәмілелер Еуропада 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өткен жылы 18%-ға кеміп кеткен болатын. Еуропа жылдан жылға өсіп келе жатқан қытай ықпалынан барынша қорғануға көшіп отыр. Қақпанға айналуы мүмкін экономикалық пайдаға қызықпай. Десе де аталған жоба бойынша оған атсалысатын елдермен жасалған мәмілелер бұл аралықта 8%-ға артқан. Статистикалық ресми дерекке қарағанда, Қытай "Бір жол - бір белдеу" жобасы бойынша шетелдік әріптестерімен жалпы құны 60 млрд долларға бағаланған 300-ден аса мәміле жасасқан. Қаржысын аямай құйып отырған жоба болашақта Қытайдың ықпал ету аймағын кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар, Қытай факторының алға шығуына қызмет етпек. Қытай факторы - қытай мәдениеті, қытайлық дүниетаным, қытайдың саяси бағыты (қытайландыру саясаты), қытайдың салт-дәстүрі, қытай өркениеті, т.б. осылай жалғасып кете береді. Бұл өз кезегінде бәсекеге төтеп бере алмаған қауқары аз ірілі-ұсақты ұлттар мен ұлыстардың тарих бетінен біржола жойылуымен аяқталуы мүмкін. Қытай факторы - қытай қаупі.